Баспана былығы басылар емес. Астанада құрылыс компаниялары үлескерлерге 30
тұрғын үйден пәтерлерді заңсыз саудалап келген. Аталмыш компаниялардың ісі
құқық қорғаушыларға жіберіліп, қылмыстық істер қаралып жатыр.
Бұл туралы баспасөз мәслихаты барысында Астана қаласы әкімінің бірінші
орынбасары Сергей Хорошун хабарлады. Атап айтар болсақ, өзгенің мүлкін иеленіп
талан-таражға салғаны үшін «Азбука жилья», «Әл Баракат», «Төленді», «Орал дизайн стройсервис» компанияларының басшыларына қатысты қылмыстық іс
қозғалды. Барлығы он шақты құрылыс компаниясының басшысы жауапқа тартылған.
Лауазымды тұлғаның айтуынша, бүгінде тек «Азия» серіктестігінің басшысы шетелде қашып жүрген
көрінеді.
Дегенмен Сергей Хорошун «Азбука жилья» тұрғын үй кешенінің
үлескерлеріне қатысты жағымды жаңалықпен бөлісті. Аталмыш проблемалы нысанның
құрылысын инвесторлар аяқтауы мүмкін. «Бұдан былай проблемалы
тұрғын үй кешендерінен пәтер саудалаушы риелторлар да жауапқа тартылады» - дейді әкім орынбасары. Құрылыс алаңында алаяқтардың
қаптағанына заң себепші көрінеді. Сергей Хорошунның айтуынша, қолда бар заң
құрылыс компаниясының лицензиясын жоспарлы түрде тексеруге мүмкіндік бермейді.
Сергей Хорошун, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары:
Үлескерлер туралы заңға сай жұмыс жасап жатқан компаниялар өте аз. Бүгінде
әлі бір де компания лицензия алмады деп айтуға болады. Әрине, ашық несиелік
жүйесін қолданып, заң аясында істеп жатқандар да бар. Егер үлескер өз ақшасын
құйып, келісім жасағысы келсе, құрылыс компаниясының құрылысқа рұқсат алынғаны
жөніндегі құжаттарын және кредиттік жүйесі ашылғаны туралы дерегін тексерсін.
Заң тиімсіз жұмыс істеп жатыр. Қазір ұлттық экономика министрлігі өзгерістер
енгізу үстінде. Күзге дейін аталмыш заң толықтырылады.
Үй саламын деген құрылыс компаниясында ең алдымен жерге иелігі туралы
құжаттары дұрыс болуы тиіс. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарына рұқсат қағаздары
мен пәтерлерді сатуға арнайы лицензиясы немесе екінші деңгейлі банктен ашылған
кредиттік жүйесі болуы шарт. Осы құжаттарын тексеріп алмай, тұтынушы құрылыс
компаниясымен шарт жасаспағаны абзал, дейді шенеуніктер. Өйткені бұдан былай
қаңтарылып қалған проблемалы нысандардың құрылысы бюджет қаржысына салынбайды.
Әкім орынбасарының бүгінгі дерегі бойынша, бүгінде Астанада 20 шақты нысан
проблемалы деп танылған.
Айгүл ӘДЕПБАЙ