Қызылжардағы жолдардың сын көтермеуінен жолаушы тасымалдайтын автобустар
да бағыттарын өзгертуге мәжбүр болды. Жұмысшы кентіне қатынайтын жалғыз
қоғамдық көлік кей көшелерімен жүруден бас тартқан. Басты себеп - жол мәселесі.
Салдарынан тұрғындарының қатынауы қиындай түсті. Әріптесім Абзал Курманкин
тақырыпты толықтырады.
Жұмысшы кентінің шетінде тұратын жұрт жалғыз автобустан қағылды. 5 жылдан
бері қатынап жүрген қоғамдық көлік жолдың нашарлығын сылтау еткен. Тығырыққа
тірелген бұқара енді не істерін білмей дал.
Бізге енді алыста тұрған аялдамаларға баруға тура келеді. Біреуі темір
жолдың арғы жағында орналасқан, онда балаларымызды жібере алмаймыз. Ал
екіншісіне жету үшін 3 шақырымдай жүру керек.
Халықтың шұрық-тесік жолға көңілдері толмайды. Айтуларынша, кей жерлерге
қиыршық тас төселгенімен, сапасы сын көтермейді. Ал кейбір көшелерде жол атымен
жоқ.
Дина Дмитриченко:
Асфальт түгіл, жай ұсақ қиыршық таспен төсеп берсе, соған да алғыс
айтар-ек. Себебі жүру мүмкін емес. Мен 2012 жылдан бастап билік өкілдерінен
жолды жөндеуді өтініп жүрмін. Былтыр үлкен тастарды әкеліп төкті. Үстімен
жүрсең, аяқты сындырып алуға болады.
Қалалық әкімдік өкілдері болса, қоғамдық көлік жақын арада бұл жақпен қайта
қатынайтынын айтады. Автобус бағытын аталған көшелердегі жөндеу жұмыстарына
байланысты тоқтатылды, деп сендіреді.
Жанат Айтжанов, Петропавл қаласы «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы» ММ
инспекторы:
Қазір Шмидт көшесіндегі жолдарға су жиналып тұр. Құзырлы мекеме арнайы
техникамен оны сорып, басқа жерге төгуде. Кейін ол жолға қиыршық тас төселеді.
Мөлшері 40-70 милиметр болмақ. Бүкіл жұмыстар аяқталғаннан кейін, яғни шамамен
1 аптадан соң автобус қайтадан бұрынғы бағытына көшеді.
Ескіні жөндеп, есі кеткен шенеуніктердің сөзіне сенсек, қос мәселе де яғни
жол да автобус та жуықарада шешілуі тиіс. Тіпті ұсақ қиыршық тасты төсейміз,
деп уәде етті. Ал, тұрғындар тіршіліктің қайта жандануын тағатсыздана күтіп
отыр.
Абзал ҚҰРМАНКИН