Байқоңыр
қаласының он жасар тұрғыны Ярослав Жирнов алдағы бірінші қыркүйекте алғаш рет
мектеп табалдырығын аттамақ. Ал оның еш жерде жұмыс істемейтін, ішімдікке
салынып кеткен анасын Қызылорда облыстық ювеналдық соты ата-ана құқығынан
айырды.
Сот барысында анықталғанындай, он жасар Ярослав осы кезге
дейін жазуды да, оқуды да меңгермепті. Ең сорақысы, бала ата-ананың қарауынсыз
қалып, тойып тамақ ішпей, далада қанғырып жүруді әдетке айналдырған. Енді ол мемлекет қамқорлығында
болады. Ал ювеналды сот жыл басынан бері осыған ұқсас отызға жуық істі қарапты.
Қайратбек Бержанов, кәмелетке толмағандар істері
жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы:
Қазіргі таңда жиырма жеті арыз қаралып, оның
он тоғызы қанағаттандырылды. Ата-аналық міндетін дұрыс атқармаған немесе
немқұрайлы қараған жандарды ата-ана құқығынан айырдық.
Шарипа САҚТАПОВА