Атырауда
жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды патронаттық тәрбиеге беру жұмысы ақсап тұр.
Аймақта жыл басынан бері бір ғана бала патронаттық тәрбиеге берілген. Оның өзі
жаңа отбасына үйренісе алмай, балалар үйіне қайта оралған.
Жетім балалар санын
азайту, аялы алақанға зәру сәбилерді
мейірімі мол отбасыларға беру мәселесін «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық
филиалы көтерді. Ашық әңгімеге балалар үйі басшылары, психологтар мен саяси
партия өкілдері қатысып, халықтың неге жетім балаларға құшақ ашпай отырғанын
талқыға салды.
Жетімді
бауырына басқысы келген Қарлығаш Ерғалиева 3 жылдан бері құжат жинап, құзырлы
органдардың есігін жағалаумен жүр. Қағазбастылықтан енді құтылдым дегенде, пәтер көлемінің кіші екенін алға тартқан
шенеуніктер істі тағы да кешіктірді. Өйткені талап осы. Баланы патронаттық
тәрбиеге алатын отбасының жағдайы жақсы әрі ата-ананың бірі педагог болуы шарт. 20 жылдық еңбек өтілі бар
педагог жалғыз ұлына бауыр болатын бір ұл мен бір қызды асырап алғысы келеді.
Қарлығаш
Ерғалиева:
Сіз
енді біреуін ғана таңдайсыз, таңдасаңыз. Я баланы, я қызды, үйіңіздің статусы
бармайды, дейді. 1 кішкене бөлмеде бірнеше баланы жетілдіріп жатыр ғой. 2
бөлмелі үй, мысалы, өзім де пәтердің кезегінде тұрмын.
Атырауда тағы үш отбасы балаларды кәмелетке толғанға дейін қамқорлығына алу
үшін кезекте тұр. Аймақта жыл басынан бері патронаттық
тәрбиеге бір ғана бала берілген. Ол да
жаңа жерге үйренісіп кете алмапты.
Ұстаздар отбасына барған 10 жасар Диана 21 күннен соң балалар үйіне оралып, отбасына мүлде барғысы
келмейтінін айтқан.
Айсұлу
Қадыржанова, облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз
қалған балалар үйінің әлеуметтік психологы:
Үміттеніп
барды, отбасым болады, жақсы деп. Әлі
күнге дейін ашылмай отыр. Айтпайды не себептен қайтып келгенін. Тек сол үйден ата-ана жылуын көрмеді деп ойлаймыз. Себебі қыздың өзінің айтуына қарағанда, мен
достарымды сағындым. Ол үйде маған қиын
болды. Ол үйде айналамда өзіме деген
жақын адамдар болған жоқ, деп жауап
берді.
Облыстық
білім басқармасындағылар аймақта
патронаттық тәрбиеге бала беру
процесі неге жылжымай отырғанын бірнеше себеппен түсіндірді. Сәбиді уақытша
бауырына басуға әлі де болса, көптеген азаматтар дайын емес көрінеді. Бұған
қоса, ата-аналар денсаулығында кінәраты бар сәбилерді алғысы
келмейді екен.
Шәкіржан
Мырзағалиев, Атырау
облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Түскен балалардың, әсіресе
тұлдыр жетім балалардың денсаулығы өте нашар. 95 пайызы -
ауру балалар. Интернатта жүрген балалардың мінез-құлқында ауытқушылық бар,
денсаулық ақаулықтар бар. Патронатқа алғысы келгендер қарайды да, бас тартады
әрі-беріден соң.
Статистикаға
жүгінсек, республика бойынша жыл басынан бері
Жамбыл облысында 35, Алматы облысында 27, Қостанай мен Шығыс Қазақстан облыстарында 26
бала ата-ана қамқорлығына берілген. «Нұр
Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы, аймақта мұндай
отбасылардың санын көбейту үшін, 1 балаға мемлекет тарапынан төленетін
төлемақыны арттыруды және кезектен тыс
жер телімдерін беруді ұсынып отыр.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ