Алматыдағы су тасқынынан соң зардап шеккендерге көмек әлі де жетей жатыр.
Бір жарым тәуліктен бері лай мен шалшық судың ішінде қалған жеке тұрғындар
жергілікті биліктен техника мен жұмыс қолын күтеді. Алайда төтенше жағдай
қызметкерлері мен ішкі әскер сарбаздарынан құрылған 1400 адам негізгі
көшелер мен әлеуметтік нысандардың аулаларын тазалаумен айналысуда.
Қарағайлыдағы өзеннің сағасында ең қатты зардап шеккен үйлердің иелері де
көмекке зәру. Олар ауыз су мен газдан да ажыратылған. Отбасы мүшелерін
туыстарының үйлеріне жіберген ер адамдар ғана батпаққа батқан аулаларында
үйлерін күзетіп жүр.
Ерлік Нахыспек:
Бізге, ең бірінші кезекте, үйге
келетін жолымызды тазалап берсе, балшықтан не үйдегі көліктерімізді көшеге
шығара алмай қалдық, жұмысқа бару үшін. Одан кейін қауіп бар ма, жоқ па. Ешқандай
ақпарат жоқ. Хабарлама алдық, жоғарыдағы плотина бос деген. Бірақ бәрібір
қорқынышты.
Әкімдік өкілдері мен жедел штаб мүшелері зардап шеккен үйлердің тізімін
жасап жүр. Бүгін еріктілер де жергілікті тұрғындарға қайырымдылық қолын соза
бастады. Олар Наурызбай ауданы әкімдігі мен «Қарағайлы» елді мекеніндегі №192-ші
орта мектепке киім-кешек және дайын тағамдар әкелді.
Азық-түлік пен ауыз су бірінші кезекте елді
мекенді тазалап жатқандарға және әскерилерге үлестіріледі. Одан соң «Қызыл
жарты ай» қоғамының еріктілері селден зардап шеккен отбасылардың үйлеріне
кіріп, керек-жарақтарын таратып шықты. Кейбір қала тұрғындары өз
қолдарымен үйлерінен ыстық тағамдар пісіріп әкеліп, көмекке зәру адамдарға үлестіруде.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ