Ақтөбе
халқы қандықол қылмыскерлер қырғын салған орындарға гүл шоқтарын қойып жатыр.
Ұлттық аза тұту күні шаһардағы барлық мемлекеттік тулар төмен түсіріліп,
ойын-сауық орындары жабылған. Лаңкестер шабуыл жасаған әскери бөлімшеде қаралы жиын
өтті. Ал шаһарда жағдай тұрақталған, құқық қорғау органдары қала аумағында
қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Ақтөбеден Мансұр Есқожин хабарлайды.
Қанды
оқиға орын алған Ұлттық ұланның 66\55 әскери бөлімі сарбаздары қаруластарын бір
минут үнсіздікпен еске алды. Қылмыскерлерге алғашқы болып тойтарыс берген
сарбаздардың қан іздері әлі жатыр. Бірінші болып оққа ұшқан майор Даниэль
Майлыбаев пен қатардағы жауынгер Досбол Сапардың тіпті қорғануға да мүмкіндігі
болмаған. Баса-көктеп келген қарулы қылмыскерлер алдында кездескен жанды
сұлатып сала беріпті.
Мұхамедқали
Сатов, ҚР Ұлттық гвардиясы Бас қолбасшысының орынбасары:
17
адам. Олар қарумен келді. Бірінші бастағанда, біздің сарбаздар мен біздің
контрактниктерді атып, «Аллаһу Акбар» деп олар келе жатты. Біздің сарбаздарды
атып жаралады.
Әскери
бөлімнің орта тұсына дейін жетіп келген лаңкестерге алғаш тойтарыс берген
қару-жарақ қоймасының қарауылдары көрінеді. Кезекшілікте болған Артем Авдеев -
қылмыскерлермен шайқасқандардың бірі. Басынан жарақат алған. Абырой болғанда,
оқ жанай өтіп, денсаулығына айтарлықтай зиян тимепті.
Артем
Авдеев, қатардағы жауынгер:
Мен
қорыққан жоқпын. Тек ойыма бір сұрақ келді: "Қалай жүректері дауалап,
әскери бөлімге шабуыл жасады екен?" деген, "Естері дұрыс па?" -
деп те ойладым. Бірақ олар бұл қадамға барды, яғни өлімге бас тікті.
3
жылдан бері әскери бөлімде келісімшартпен қызмет етіп жатқандардың бірі Еламан
Жанділдаев сол күні өкпесінен жарақат алды. Қазір жедел жәрдем ауруханасында ем
алуда. Болған жайтты ести сала әскери бөлімге анасы да жеткен. Айтуынша,
тұңғышының беті бері қарапты, қазір дәрігерлердің бақылауында.
Жәмилә
Хасанова:
Елінің
амандығын тілеп жүрсін деп, Еламан деп есімін қойып еді. Есіміне лайықты боп,
елін қорғап.
Жексенбіде
қанда оқиға болған әскери бөлімде өткен қаралы жиынға облыс атқамінерлері де
келіп, ерлікпен қаза тапқандарды еске алу шарасына қатысты. Батылдық танытып,
баскесерлерді тоқтатқан жауынгерлерге алғыс білдірді. Әскери бөлімнің алдына
қарапайым тұрғындар да ат басын бұрып, гүл шоқтарын қоюда.
Жексенбідегі
қырғында бірнеше бейбіт тұрғын да қаза тапқан еді. Облыс басшылары терракт
салдарынан қаза тапқан отбасыларға материалдық көмекті ұлғайту туралы шешім
қабылдады. 4 отбасына бұған дейін айтылғандай 1 млн емес, 5 млн теңгеден
қаржылай көмек көрсетіледі.
Әлия
Тасыбаева:
Бұл
орны толмас қасірет. Енді мұндай қайталанбаса екен. Ақтөбенің барлық тұрғындары
сіздерді қолдайды. Біз осындай кезде бірге екенімізді көрсетуіміз керек.
Тоналған
қару-жарақ дүкендерінің алдында да құшақ-құшақ гүл шоқтары жатыр. Қазір шаһарда
тіршілік қайта жанданған. Көшелерде полицейлер көлігі жиі кездеседі.
Әлсін-әлсін тікұшақтардың даусы естіледі. Тәртіп сақшылары жағдай толығымен
бақылауда дейді.
Алмас
Сәдубаев, ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры:
Қазіргі
уақытта Ақтөбе қаласындағы жағдай тұрақты, толықтай бақылауда. Құқық қорғау
органдары қала аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде.
Арнайы қызметтермен бірлесе отырып, қалған 6 қылмыскерді іздестіру бойынша
кешенді шаралар жүріп жатыр.
5
маусым күні Ақтөбеде бірнеше жерде атыс болды. Үкімет бұл қанды оқиғаны
террорлық акт ретінде таныды. Қарулы шабуылды жасаған 13 лаңкес өлтірілді, 14
адам жараланған, алты адам іздеуде жүр.
Тапа тал түсте ойран салған қылмыскерлерді қолға түсіруге бағытталған шаралар
жалғасуда. Тәртіп сақшылары лаңкестер туралы ақпаратпен бөліскен азаматқа 5 млн
теңге көлемінде қаржылай сыйлық тағайындап отыр.
Мансұр ЕСҚОЖИН