$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Қазақстанда қаржы соты құрылады

AstanaTV
24.07.2015ж. 20:00
2027
Қазақстанда қаржы соты құрылады

Қазақстанда қаржы соты құрылады. Бұл жайында Жоғарғы соттың судьясы Нұржан Қайыпжан бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында айтты. Судьяның айтуынша, «Дубай қаржы соты» үлгісінде құрылатын сот отандық сот жүйесінен тәуелсіз болады.

Онда қаралатын істердің барлығы ағылшын тілінде, шетелдік мамандардың кеңінен тартылуымен өтпек. Болашақ сот республикалық ортақ жүйеге бағынбағанмен, оның шешімдері бойынша ешқандай қарама-қайшылықтар туындамайды - дейді судья.

Нұржан Қайыпжан, ҚР Жоғарғы соты судьясы:

Ол жергілікті соттарменен жергілікті заңдармен ешқандай қарама-қайшылықтар болмайды. Оның себебі біздің заңнамаларымыздың барлығы сол дүниежүзілік халықаралық стандарттарға сай. Сондықтан қарама-қайшылықтар болмайды.

Отандық сот жүйесін жетілдіру мақсатында облыстық соттардың қызметтерін қысқартып, Жоғарғы сотқа көп құзырет берумен қатар, енді судьяларға қойылатын талаптар да күшейтілмек. Маман дайындау үшін Мемлекеттік басқару академиясы жанынан Әділ сот академиясы құрылып, ол Жоғарғы сот қарамағына беріледі.

Абай Рахметулин, ҚР Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы:

Судьялыққа үміткердің жас мөлшеріне қатысты талапты 30 жасқа дейін көтеру ұсынысы қолдау тапты. Сондай-ақ сот жүйесінде 5 жылдан астам жұмыс тәжірибесі болуы шарт. Ал магистранттардың тәжірибеден өту мерзімі бір жылға дейін ұзартылды. Сондай-ақ жұмысқа жаңадан қабылданған судьяға сот жүйесінде мол тәжірибесі бар басқа судьяның кепілгерлік институты енгізіледі.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ