Шәкірттері жиі тамақтан ұшынатын Қостанай қазақ-түрік лицейінің директоры
жұмыстан қуылды. Ал мектептегі медицина қызметкеріне қатысты қозғалған
қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы бүгін облыстық прокуратура өкілдері жарты
жылдықты қорытындылаған жиында мәлімдеді.
Болат Челикенов, Қостанай облысы прокурорының орынбасары:
Қазақ -түрік лицейінің директоры жұмыстан қуылды. Ал медицина қызметкеріне
қатысты қылмыстық іс тараптардың мәмлеге келуіне байланысты тоқтатылды. Яғни
шәкірттердің ата-анасы істі тоқтату жайында арыз жазған. Сонымен қатар білім
ордасының бірнеше лауазымды тұлғалары да тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Еске сала кетейік, екі ай бұрын лицейдің 14 оқушысы астан уланып,
ауруханаға жеткізілген болатын. Ал, зертханалық тексеріс жүргізген мамандар
мектеп асханасында ішек таяқшаларының бактериясын анықтады.
Жалпы соңғы 8 ай
ішінде аталған білім ордасында оқыс оқиға 3 рет қайталанды. Мәселен, өткен
жылдың желтоқсанында жаппай уланған 37 оқушы дәрігер көмегіне жүгінген еді. Ол
кезде лицей асханасынан стафилококк бактериясы табылды. Кейін тағы 4 шәкірт
тамақтан ұшынды. Алайда, тараптардың мәмілеге келуіне байланысты, қылмыстық іс
тоқтатылды. Тек осы жолы директор мен медбике жұмыстан қуылып, кінәлі деп
танылған басқа да тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылып отыр.
Данияр
ӘЛІМҚҰЛ