$532.74 €617.23 ₽6.77
×

Алимент төлемей жүрген шенеунік бір күнде 9 483 420 теңге қарызын төлеп тастаған

AstanaTV
24.07.2015ж. 20:00
1259
Алимент төлемей жүрген шенеунік бір күнде 9 483 420 теңге қарызын төлеп тастаған

2003 жылдан бері алимент төлемей келген шенеунік бір күнде 10 млн теңгеге жуық қарызын өтеп тастаған. Бұл туралы Астана қалалық әділет департаментінің басшысы Қанат Мусин жартыжылдықты қорытындылаған брифинг барысында хабарлады.

Борышкердің мемлекеттік қызметкер екені белгілі болды. Ол 12 жыл бойы қордаланған қарызын төлеп қана қоймай, баласының 18 жасқа дейінгі барлық төлемінен алдын ала құтылып қойған. Шенеуніктің ұяты "қылмыстық іс қозғалуы туралы ескертпе" алғанда ғана оянған. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысының көлемі жоғары емес екенін ескерсек, оның бір күнде миллиондарды қалай төлеп тастағаны көпшілікті қызықтырмай қоймады.

Қанат Мусин, Астана қалалық әділет департаментінің басшысы:

Сондай қаражаттты қайдан алғанын тексеру біздің құзыретімізге кірмейді. Біздің мақсатымыз - алиментті төлеуге мәжбүрлеу. Ал қайдан алды деп біз оны тексермейміз, оған басқа мемлекттік органдар бар. - Ол мемлекеттік қызметкер, иә? - Ол мемлекеттік қызметкер.

Департамент мамандары, балаларын алименттен қағып жүрген борышкер әкелерді Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа толықтырулар тәртіпке салып жатқанын, айтты. Жаңа ереже, алименттен үш ай бойы жалтарған борышкерлердің бас бостандығын екі жылға шектеп немесе дәл сол мерзімге түрмеге отырғызуға мүмкіндік береді.

Қанат Мусин, Астана қалалық әділет департаментінің басшысы:

Жарты жыл ішінде департамент ішкі істер органдарына 723 ұсыныс жіберілген. 80 қылмыстық іс сол ұсыныс бойынша қозғалған. Қарыздарын ішінде толықтай өтеген азаматтар да бар. Бір кісі 1 млн 600 мың теңге қарызын төлеген. 1 млн 200 мың теңге төлеген адамдар бар. 8 азаматтан 950 мың теңгеден 1 млн теңге дейінгі қарызы өндірілді.

Борышкер әкелердің республика аумағынан аттап басуына да шектеу қойылып жатыр. Сонымен қатар төлемдерден қашқан азаматтардың көлік жүргізу куәліктерін уақытша тоқтату тәжірибесін де қолға алынуда. Қанат Мусиннің айтуынша, Астанада аталмыш жұмыс әлі басталған жоқ. Есесіне Батыс Қазақстан мен Ақмола облысында борышкерлердің жүргізушілік куәлігін уақытша тоқтату шаруасы жақсы жолға қойылған.