Қазақстанда отбасы мен балаларды қорғау министрлігін құру керек. Бұл туралы
бүгін Алматыда өткен «Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықпен күрес»
атты баспасөз мәслихатында сарапшылар ұсынды.
Ақпарат құралдарымен кездесуге танымал психологтар, қоғамдық ұйымдар мен
дағдарыс орталықтары өкілдері шақырылған. Олардың мәліметінше, Қазақстандағы
балалар арасындағы негізгі проблемалар - педофиля мен өз-өзіне қол салу.
Естеріңізге салайық, биылғы жылдың ақпаны мен маусымы аралығында
жасөспірімдердің суицидке баруы көбейіп кетті. Мамандар мұны қалыптасып
үлгермеген балалар психикасына түсетін салмақ пен емтихандар алдындағы уайыммен
байланыстырады. Сарапшылар пайымынша, балаларға қолайлы жағдай жасау
мемлекеттік ведомствалардың көмегінсіз мүмкін емес. Мәселені балалар құқығын
қорғауға уәкілетті лауазымды құрып қана шешуге болады деп отыр. «Сондай-ақ
мектеп психологтарының кәсіби деңгейін көтеру қажет, оларды қағазбастылықтан
босатып, тікелей міндетін атқаруға, яғни балалармен жұмыс жасауға мүмкіндік
берген жөн»,- дейді сарапшылар.
Зулфия Байсақова, ҚР дағдарыс орталықтары одағының төрайымы:
Олар көбіне қағаз жазумен айналысады, бес сағат бойына балалармен жұмыс
жасауға дайын емес. Білім министрлігі жіберетін сауалнамаларды жүргізеді, қағаз
толтырады, жасаған жұмыстарының есептері бар. Сөйтіп, негізігі міндеті
балалармен жұмыс жасауға уақыты қалмайды. Сондықтан қазір балалармен жұмыс
жасайтын барлық мамандардың функционалдық міндеттерін қайта қарап шығу керек,
кәсіби деңгейін көтеру қажет.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ