$532.74 €617.23 ₽6.77
×

Астанадағы Көктал-2 тұрғын алабында құрылысы бітпеген балабақша ғимараты бос тұр

AstanaTV
27.07.2015ж. 20:00
3414
Астанадағы Көктал-2 тұрғын алабында құрылысы бітпеген балабақша ғимараты бос тұр

Ашылу бұйырмаған балабақша. Астанадағы бұрынғы Көктал-2 тұрғын алабында құрылысына 600 миллион теңге жұмсалған ғимарат қаңырап бос тұр. Ал сол ауданның тұрғындары балаларын ақылы балабақшаға апаруға мәжбүр. Олар арнамызға арызданды.

Тұрғындардың айтуынша, қазір Көктал-2 алабында 15 мыңнан аса адам тұрады. Бірақ бірде-бір балабақша жоқ. Десек те, кент орталығында 240 орынға арналып салынған балабақшаның ғимараты тұр, дейді жергілікті жұрт. Құрылысы аяқталуға жақын қалған нысанның қаңырап тұрғанына 7 жыл болыпты. Темір қақпа алдына жиналғандар, дайын мекемені жергілікті билік халық игілігіне неліктен бермей отырғанын, түсіне алмай дал. 

Жеңіс Жанай, Көктал-2 тұрғын алабының тұрғыны:

Мынау көшені көрсеңіз, бала ойнайтын жер жоқ. Барлық балалар көшеде жүр. Балаларға арналған жол да жоқ, екі-үш баланы велосипедпен қағып та кетті. Мынау көшенің жағдайын түзеп, мына дайын тұрған нәрсені ашып берсе, болды ғой.

Сайрангүл Нақыпова, Көктал-2 тұрғын алабының тұрғыны:

15 мың халық тұратын ауданда бір ғана мектеп, бір де бір балабақша жоқ. Балаларымызды ақылы, жеке бақшаларға немесе қашықтағы Көктал-1 кентіндегі бақшаларға беруге мәжбүрміз. Бізге осы балабақшаны құрылысын аяқтап, ашып берсін. Балабақшаның жоқтығынан балаларымыз үйде отырады, көшеге шығаруға қорқамыз. 

Қалалық құрылыс басқармасына хат жолдап білгеніміз - қаңыраған ғимарат расымен де балабақша үшін салынған. Ал нысанның аяқталмауына мердігерлер кінәлі екен. Алғашқы құрылыс компаниясы ғимаратты бір жарым жыл ішінде аяқтаудың орнына, құрылыс мерзімін созып жіберген. Құрылыс басқармасы сот арқылы балабақшаның құрылысын басқа компанияға бергенімен, ол да аяғында жауапсыздық танытқан.

Қазіргі күні басқарма сот арқылы нысанды екінші мердігер компаниядан қайтарып алғанымен, құрылыс алаңына жаңа мердігерді кіргізе алмай отыр. Өйткені бұрынғысы нысанды босатудан бас тартқан. Ал ең қызығы - құрылыс сағызша созылып жүргенде, нысанның жобасы өзгеріп кетіпті. Енді бұл жерде балабақша ашылмайды. Жұқпалы ауруларға шалдыққан балаларды сауықтыру орталығы қоныстанатын болыпты. Ғимарат құрылысы 2015 жылдың он бесінші желтоқсанында аяқталуы тиіс. 

Алексей Миткин, «Астана қаласының құрылыс басқармасы» ММ басшының орынбасары:

Аталмыш нысан бойынша арнайы сараптамадан өткен жаңа сметалық-жобалық құжат бар. Онда бұл нысан «Астана қаласындағы Көктал-2 тұрғын алабындағы «Мектепке дейінгі балалар тәулік бойы болатын арнайы санитарлық мекеме» деп көрсетілген. Осымен балабақша сұрағы жабық деп ойлаймын.