Қарағандыда экс-премьер Серік Ахметовтің ісіне қатысты сотқа дейінгі отырыс
басталды. Аты шулы қылмыстық іс бойынша Ахметовпен бірге Қарағанды облысының
бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, Қарағанды қаласының экс-басшысы Мейрам Смағұлов
бастаған тағы 18 тұлға жауапқа тартылмақ. Лауазым иелері сыбайлас жемқорлық
қылмыстарға қатысты айыпталып отыр. Сот залына БАҚ өкілдері небәрі 10 минутқа
кіргізілді. Мұнан соң ақпарат өкілдеріне процесті басқа бөлмедегі монитордан
көруге мүмкіндік берілді.
Алдын-ала тыңдау Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта
өтті. Қоғамда үлкен дау тудырған іске қатысқысы келетіндер көп болғандықтан, ең
үлкен алқа билер залы таңдалып алынған. Бүгінгі отырысқа 50-ге жуық журналист
қатысты. Дәл сонша адвокат айыпталушылардың құқығын қорғамақ. Шенеуніктерді
қолдауға немесе сотқа жай қатысуға келгендердің саны 100-ден асады.
Серік Ахметов алдын ала тыңдауға сенімді өкілдерімен келді. Тағылған айыптың
салмағына қарамастан, қорғаушылары бұрынғы үкімет басшысының кінәсіз екенін
дәлелдеуге барын салатынын айтады.
Георгий Матвиенков, С.Ахметовтің қорғаушысы:
Істің қалай өрбитінін алдағы уақытта көрерміз. Ахметов тергеу орындары
таққан айыптардың ешқайсымен келіспейді. Соңына дейін күресеміз.
Қолдаушылардың арасында Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам
Смағұловтың туыстары да бар. Олар үкіметтен шенеуніктерге кешірім беруді
сұрады.
Ханипа Кентаева, М.Смағұловтың туысы:
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай кешірім беруін сұраймыз. Оларды бүкіл
Орталық Қазақстан таниды. Ондай азаматтарға кешірім жасау керек. Қолжаулық
болғанын қаламаймыз.
Айжан Қуаш, тілші:
Аты шулы отырысқа қатысушылардың көптігі сонша, залға сыймай қалды.
Журналистер соттың алдын ала тыңдауын үлкен экраннан бақылады.
Судья келтірген деректерге сүйенсек, Серік Ахметовке аса ірі көлемде пара
алды, заңсыз кәсіпкерлікке араласты деген айып тағылған. Бауыржан Әбдішев пен
Мейрам Смағұлов лауазымын асыра пайдаланып, жер телімдерін заңсыз үлестірген
деп айыпталды. Қалған 18 тұлға Қарағандының Индустриалдық паркі құрылысына
қатысты былық-шылықтары үшін жауапқа тартылмақ. Олар аймақтың бұрынғы басшыларымен
бірге бюджет қаржысын жымқырған деген күдікке ілінді Қылмыстық іс материалдары
338 томға жеткен. Құқық қорғау саласының мамандары мұндай сот үрдісінің 1 жылға
созылатынын айтады. Кей ақпарат көздері іс бойынша 5 жүзге жуық куәгердің
сұралатынын жазуда. Соған қарамастан, Серік Ахметов өзінің ақталып шығарынан
үмітті. Бұл туралы оның 5 қорғаушысының бірі біздің телеарнамызға берген
сұқбатында мәлімдеді.
Қабдолла Түсіпбеков, С.Ахметовтің қорғаушысы:
Ол кез-келген жайтқа дайын. Соттың әділ үкім шығаратынына сенеді, әрі
тағылған айыптардың ешқайсын мойындамайды. Оптимистік көзқараста. Көңіл-күйі
жақсы. Өз құқығын қорғауға дайын. Қазіргі күрделі кезеңді объективті түрде
қабылдап отыр.
Айжан Қуаш, тілші:
Алғашқы тыңдау бүгін кешке дейін жалғасты. Қорғаушылар тарапынан нақты
қандай бір ұйғарым хат жарияланған жоқ. Судья Исламхан Есенбаев айыпталушылар
тізімін, тағылған айыптар мен баптарды атаумен шектелді. Өйткені кей адвокаттар
ауысып, енді бірі іспен әлі таныспаған. Сотқа дейінгі келесі отырыс ертең таңертең
10-да жалғасады.
Бүгін белгілі болғандай, Серік Ахметовтің туыстары 430 млн теңге
жинап, мемлекет қоржынына тапсырыпты. Бұл жайында Интерфакс агенттігі тергеу
тобындағы дерек көзіне сілтеме жасап хабарлайды.
Айжан ҚУАШ