Шымкентте адам ұрлады деген күдікке ілініп, қамауда отырған кәсіпкердің
сыбайласы ұсталды. Әл-Фараби аудандық сотымен «қамаққа алу» туралы жазаға
кесілген 32 жастағы күдікті екі жарым айдан бері бой тасалап жүрген.
Алмас Меңлібаев, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары:
Тергеуден бой тасалап жүрген Мәдиев Мақсаттың Шымкент қаласындағы жалдамалы
пәтерлердің бірінде тығылып отырғаны туралы хабарлама түсті. Тексеру кезінде
Мәдиев Мақсаттың жалдамалы пәтерде жасырынып отырғаны анықталып, сол жерден құрықталып,
бас шарасы қамауға алынды. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары
жүргізілуде.
Прокуратура өкілінің айтуынша, адам ұрлады деген күдікке ілінген
сауда желісінің қожайыны мамыр айынан бері қамауда. Екі күдіктінің үстінен
Қылмыстық кодекстің «Адам ұрлау», «Бас бостандығынан заңсыз айыру», «Өзінше
билік ету» және «Тонау» баптары бойынша іс қозғалған.
Еске салайық, Шымкенттегі
дүкендердің бірінің қожайыны болып табылатын кәсіпкердің үстінен алғаш рет
Тахир Тахтаходжаев арызданған. 28 жастағы азамат өзін 29 сәуір күні белгісіз
біреулер көлікке мінгізіп әкетіп, таулы аудандағы саяжайлардың бірінде бірнеше
күн қамап ұстап, аяусыз ұрып-соққанын айтқан. Осыған дейін хабарлағанымыздай,
ол қожайыны, әрі туысы болып келетін бизнесмен 200 мың теңге шамасындағы ақшаны
«2 млн теңге қылып қайтарасың» деп мәжбүрлеп, тілхат жаздырып алды» деген
болатын.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ