Жиын-терім науқаны кезінде жанар-жағармай бағасы қымбаттамайды. Оған еш
негіз жоқ. Энергетика министрінің орынбасары Ұзақбай Қарабалин Орталық
коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деп мәлімдеді.
Дегенмен,
Қазақстан тұтынатын сұйық отынның 40 пайызға жуығы Ресейден тасымалданады.
Осыны еске салған вице-министр, нарықтағы жағдайдың көрші елдегі ахуалға
байланысты құбылатынын да, жоққа шығармады.
Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:
Жанар-жағармай бағасына келсек, ол астық оруға немесе егістік науқанына
байланысты өзгермейді. Біріншіден, ол әлемдік нарықтағы жағдай мен Ресей
Федерациясындағы бағаның өзгеруіне байланысты болады. Сіздер білесіздер, біз
жанар-жағармайдың 30 пайызын Ресейден импорттаймыз.
«Жанармай бойынша көрші елге тәуелділіктен 2017 жылы толық құтыламыз», -
деп сендірді вице-министр. Өйткені келесі жылы еліміздегі мұнай өңдеу
зауыттарында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Осылайша, сапалы сұйық отынмен
ішкі сұранысты қамтамасыз ететін күн алыс емес. Есесіне 2020 жылдан кейін
дизель отыны тапшылығы болады деп күтілуде. Ол тіпті жылына 1-1,5 млн тоннаға
жетуі мүмкін. Сондықтан төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға қатысты келіссөздер
жүріп жатқан көрінеді.
Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:
Қазір министрлікке әкімдіктер мен түрлі компаниялардан ұсыныстар түсіп
жатыр. Оны арнайы комиссия қарастырады. Бұл жерде экономикалық тиімділік
бірінші орында болуы керек. Оның ішінде логистика, зауытты мұнаймен қамту және
одан шығатын өнімді экспорттау жолдарына басымдық берілмек.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ