Алматыдағы Наурызбай, Алатау және Әуезов аудандарында сел шайған аумақты
қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Су астында қалған тұрғын үйлер мен көшелер
лайдан әлі тазартылып жатыр. Сондай-ақ, апат келтірген зиян мөлшерін анықтау
бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына
сәйкес, үш ауданда 456 үй , 44 көше және 32 көлік зақымданған.
Дегенмен қала
билігі, 20 күннің ішінде селдің зардаптарын толықтай жоямыз, деп отыр. Қазіргі
уақытта селге қарсы тұрғызылған плотина қалыпты, оны мамандар бақылауына алған.
Талғат Тәжібаев, «Қазселден» ММ Алматы аймақтық техникалық пайдалану
басқармасының директоры:
Қазіргі уақытта плотина өзінің қалыпты жұмысымен жұмыс жасап жатыр.
Ешқандай қауіп қалаға жоқ. Қазір секундына екі жарым куб бөгет арқылы транзитпен өткізіп жатыр.
Қатты зардап шеккен аумақтың бірі - Наурызбай ауданына қарасты
Қарғалы ауылы. Бұл жерде 320 тұрғын үй суға кетіп, аулалар мен көшелерді лай су
басқан. Төрт күннің ішінде осы аумақтан 12 мың 690 текше метр лай батпақ
шығарылды. Өзеннің 1,5 шақырымға жуық жағалауы тазартылған. Дегенмен, келіп
жатқан көмек тұрғындардың бәріне бірдей жетпей жатыр.
Мұрат Әшімбеков, Қарғалы ауылының тұрғыны:
Фундаменттің бәрі, подвалдың бәрі су. Екі-үш жерден сызат түсті, енді үйге
кіру қауіпті. Кез келген уақытта опырылып кетуі мүмкін.
Самат ҚАНАҒАТОВ