Қазақстандағы ең таңдаулы бизнес бастамаларға жол
ашылды. «Технейшн» деген атпен өткен жас кәсіп иелерінің байқауында 9 команда
үздіктер сапынан табылды. Дүниежүзі бойынша өткізілетін жарыс қолынан іс
келетін жастар мен өнертапқыштарға қолдау көрсетуді мақсат тұтқан. Қазақстан
үкіметінің қолдауына ие болған жеңімпаздар енді АҚШ-та өтетін әлемдік байқауда
бақ сынайды. Жаңа бизнес жобалардың негізгі бағыты -ақпараттық технологиядағы
жаңалықтар.
Қазақстаннан бөлек АҚШ, Еуропа, Азия және ТМД
елдерінен жобаға 350 жұмыс келіп түскен. Халықаралық дәрежедегі сарапшылар, Инвестиция және даму министірлігі өкілдерінен құралған қазылар алқасы барлығы 9
жобаны үздік деп таныған. Оның ішінде 7 команда қазақстандық жастардың
үлесінде. Енді жеңімпаздар екі ай бойына АҚШ-тан келген үздік мамандардан дәріс
алады.
Жұматай Сәлімов, «Ұлттық технологиялық даму
агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Осы екі
ай ішінде бизнес бастамаларын жетілдірген өнертапқыштар Сан -Францискоға жол
тартады. Ол жерде тағы да бір ай кәсіпкерліктің қыр-сырын
меңгереді. Тәжірибе жинақтаған соң, Қазақстанға оралып, жобаларын іске асырады.
Ал министрлік оларды екі жыл бойы үздіксіз қаржылай қолдап отырады.
Өнертапқыштар арасында мобильдік
қосымшаларды ойлап тауып, күнделікті өмірге қолайлы жағын дамытқысы келетін
жастар да баршылық. Марвин Ляо - әлемге әйгілі «500 стартап» деп аталатын
компанияның негізін қалаушы. Мекеме 40-тан астам мемлекетте бизнесті жаңа
бастаған ақылды жастарға қаржылай қолдау танытады. Инвестор қазақ
өнертапқыштарының ешкімнен кем еместігіне көз жеткізген.
Марвин Ляо, венчурлік қордың негізін қалаушы
/АҚШ/:
Қазақстанда
техниканың тілін білетін талантты жастар көп екен. Байқау барысында олар қызықты жобаларымен таң қалдырды. Стартаптарды
қаржыландыру өте маңызды. Себебі бизнес бастамалар кез-келген елдің
экономикасының қозғаушы күші бола алады. Жұмыс орындарын ашады, салықтың
еселенуіне әсер етеді.
Адам Цигельник жоғарыдағы үздік тоғыз
жобаның біреуін басқарады. Оның тобы интернет сайттары арқылы сауда-саттық
жасайтын қолайлы мобильдік қосымшаны ойлап тапқан. Керекті затыңызға тапсырыс
берген соң, сағаттап күтудің қажеті жоқ. Мобильдік қосымша небәрі 10 секундта
менеджерлермен байланыстырып, қажетті тауарыңыз туралы ақпарат бере алады.
Адам Цигельник, стартап иегері:
Виджет немесе мобильдік қосымша көмегі арқылы
сайтқа хабарласқан тұтынушымен бірден тілдесуге мүмкіндік туындайды. Осы сәтте
бағдарлама қажетті тауарды тауып, менеджермен байланыстырып үлгереді. Бұл
жаңалық алдағы уақытта әлемдік деңгейде танылып, батыс елдерін бағындырады
деген үміттемін.
Бүгінгі жеңімпаздар АҚШ-тан оралған соң, Қазақстан
үкіметі тарапынан қолдауға ие болмақ. Ұлттық технологиялық даму агенттігі
бизнес бастамаларды дамытуға ниетті жастарға 25 мың АҚШ долларынан үлестіреді.
Ал өнертапқыштар әлемдік деңгейде өздерін танытуға көп көңіл бөлуді мақсат
еткен.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ