$494.95 €525.49 ₽5.05
×

Қазақстан Украинаға көмір жеткізу жөнінде келіссөздерді бастады

AstanaTV
28.07.2015ж. 20:00
1531
Қазақстан Украинаға көмір жеткізу жөнінде келіссөздерді бастады

Қазақстан Украинаға көмір жеткізу жөнінде келіссөздерді бастады. Бұл туралы "Астана" телеарнасына Энергетика министрлігінің өкілдері хабарлады. Еске салайық, жақында Киевте өткен үкіметаралық комиссияның отырысында Украина тарабы Қазақстаннан мұнай, газ және көмір сатып алуға ниетті екенін жеткізген.  

«Газпром» бұл елге көгілдір отын жеткізуді тоқтатқалы бері, Украина энергоресурстардың басқа да "көздерін" іздестіру үстінде. Бұл ретте еліміздің Энергетика министрлігі «газ тасымалы туралы айтуға әлі ерте» дейді. Ал көмірге келсек, қазірдің өзінде қазақстандық өндіруші компаниялар келіссөздерді бастап кеткен.

Бүгінде Қазақстанның табиғи газы Ресей бағытында ғана экспортталады. Украинаға мұнай тасымалын құбыр жолдары арқылы жүргізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қатты отынға қатысты бүгінде «Арселор Миттал Теміртау» компаниясынан жылына 700-750 мың тонна көмір тасымалданады. Көмір өндірісінің әлеуетін ескерсек, экспорт көлемін арттыруға әбден болады.

Алайда кейбір сарапшылар бұл келісімнің іске асуы екіталай деп есептейді. Басты кедергі ретінде Ресейдің энергоресурстарды өз аумағы арқылы тасымалдауға келісім бермейтінін атап өтті.

Мағбат Спанов, экономист: 

Ресей саяси көзқарасына байланысты мұны болдырмауға тырысады. Бірақ біз Еуразиялық экономикалық одақтың тең құқылы мүшесіміз. Бізге тиімді шарттар Ресейге де пайда әкеледі. Мұнай мен газды тасымалдаудың тағы бір жолы бар. Егер біз Иран арқылы жеткізуді ойластырсақ. Белгілі бір бөлігін Иран сатады. Осыны талқылауға болатын сияқты.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ