Ресей мен Беларусьтің Қазақстандағы мемлекеттік
сатып алуға қатысу үлесі бүгінде небәрі 0,1 пайызды құрап отыр. Бұл туралы
Қаржы министрінің орынбасары Руслан Бекетаев бүгін Орталық коммуникациялар
қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Мемлекеттік сатып алу құжаттары
Қазақстанда электронды қолтаңба арқылы жүзеге асатыны белгілі. Ал одақтас
елдерде мұның барлығы қағаз жүзінде. «Сондықтан әзірге көрші елдердің
мемлекеттік сатып алуға қатысу көрсеткіші төмен», -дейді вице-министр.
Жыл басынан
бері Қазақстанда техникалық талаптарды белгілі бір қызмет көрсетушіге лайықтап
құру, осылайша өзгелерді ысырып тастаудың 95 фактісі анықталған. Сөйтіп, 40
шақты мемлекеттік сатып алу іске аспай, 9 келісімшарт бұзылды. 84 адам
әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Мемлекеттік сатып алу
қызметі жемқорлық жайлаған жүйелердің бірі деген ұғым қалыптасқан. «Ал
қызметтер мен тауарларды электронды жүйе арқылы сатып алу бірқатар
келеңсіздікке тосқауыл болары анық», - деп есептейді Қаржы министрлігі өкілдері.
Ал отандық қызмет көрсетушілерді кезекті сынақ күтіп тұр.
Руслан Бекетаев, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:
Көп ұзамай
еліміздегі мемлекеттік сатып алуға Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер де
қатысатын болады. Тиісті құжаттарға қол қойылды. Заңға енетін өзгерістер
қыркүйекте Парламентке жолданады.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ