Қазақстанның еңбек нарығында 50 жастан асқан азаматтарға жұмыс тапшы.
Кейбір жұмыс берушілер оларды түрлі себептермен жұмыстан қысқартса, енді бірі
сылтау айтпай-ақ жұмыс беруден бас тартады. Мемлекеттік емес ұйымдар елдегі
жұмысқа қабілетті 8 миллионнан астам азаматтың 25 пайызын зейнеткерлікке таяу
жастағы топқа тіркеп отыр. «Ел ағасы атанғандарға 50 жастан кейін кәсіп табыла
ма? Азамат Алдоңғаров зерттеп көрді.
Алмагүл Махатованың медицина саласында 20 жылға жуық тәжірибесі бар. Ол
еңбек жолын Павлодар облысының шалғай ауылында бастап, мықты медицина мектебін
көрген. Ал тоқсаныншы жылдарда қысқартуға ұшырап, түрлі кәсіпті игереді. Алайда
соңғы алты жыл ішінде ол өзіне лайықты жұмыс таппай жүрген көрінеді. Астананың
жұмыспен қамту орталығына тіркелгелі төрт айдан асса да, әзірге нәтиже жоқ.
Алмагүл жұмыс берушімен бетпе-бет келгенде, қырықты еңсерген жас мөлшері
кедергі болатынын ашына айтады.
Алмагүл Махатова:
Мен бір жағынан ойлаймын, жас мөлшері кедергі болмауы керек. Өйткені жасы
ұлғайған адамның тәжірибесі өте көп. Ал жастар қазір училищеден шығады да, келе салады, олардың тәжірибесі жоқ, олар қалай жұмыс істейді, білмеймін.
Елордадағы жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері 5800 адам екі қолға
бір күрек іздеп келді. Оның 452-сі елуді еңсерген азаматтар. 294 адам тұрақты
жұмыс тапса, өзгелері ақылы түрдегі түрлі әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарды місе
тұтқан. Жұмыс берушілердің егде кісілерді жұмысқа қабылдауға онша мүдделі емес
екенін орталық мамандары да жасырмайды.
Аяжан Айтжанова, Астана қаласы жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы:
Жұмыс берушілер осы жұмыспен қамту орталығына мамандарға қажеттілік туралы
мәлімет беру кезінде өздерінің талаптарын айтады. Сол талаптардың ішінде, егер
де жас ерекшеліктерін шектейтін талаптар болатын болса, болашақта аталған жұмыс
берушімен еңбек қарым-қатынасын біз үзуге тырысамыз. Өйткені бұл жұмыс беру
тарапынан саналы дискриминациялық сипатқа ие болады. Және Еңбек кодексінің
баптарына қайшы.
Еңбек кодексі бойынша азаматты жұмысқа қабылдаудағы соңғы шешім жұмыс
берушінің еншісінде. Яғни еңбек нарығын реттейтін заңнаманың өзінде күрмеулі
мәселелер мен қарама-қайшылықтар бар. Мұндай келеңсіз құбылысқа қоғамдық
ұйымдар да бей-жай қарамайды. Олардың мақсаты - аталмыш топтағы азаматтардың
мүддесін қорғау.
Қанат Әуесбай, «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының медиа директоры:
ОСЫ азаматтардың жұмысқа орналастыруда мүмкін жұмыс берушілерге арнайы заң
аясында квота беру енгізу керек шығар. Яғни сенің жұмысқа алатын азаматтарыңның
ішінде 45 жастан 59 жас аралығындағы азаматтардың ішінен 20-25 пайыз зейнеталды
жасындағы азаматтар болуы керек деген заң аясында енгізу керек шығар.
Осындай-осындай ұсыныстардың барлығын біз бүгінгі дөңгелек үстелде ортаға салып
және оны тиісті мемлекеттік, атқарушы органдарға жіберетін боламыз.
Алайда жиында мәселені шешуде сөзі салмақты мемлекеттік орган өкілдері бой
көрсетпеді. Тек жұмыспен қамту орталығының басшысы ғана қатысты. Ол елуден
асқан азаматты жұмысқа алған кәсіпорынға мемлекеттен қолдау қаржы қаралатынын
алға тартты, алайда проблеманы шешуге бұл жеткіліксіз.
Абай Баймолдин, Астана қаласы жұмыспен қамту орталығының директоры:
Жалақының 35 пайызын жұмыспен қамту орталығы төлейді, демек мемлекет. Бірақ
бұл ең төменгі жалақыдан артық емес. Жұмыс беруші жұмыскерге 60 мың теңге
жалақы қойса, шамамен оның 20 мыңы мемлекетпен субсидияланады. Бұл жұмыс
берушіге тиімді және 50-ден асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға едәуір көмек.
Жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы орталық арқылы ұлттық
компанияларға бас сұғу мүлдем мүмкін еместігін айтады. Отандық холдингтердің
есіктері бұл орталықтан барған азаматтарға тіпті қылшылдаған жас болса да, тарс
жабық. Зейнеткерлікке таяу жастағы қазақстандықтардың проблемасын көтерген жиын, заңды тетіктер керек деп, тарқасты. Ал Алмагүл Махатова сынды тәжірибелі
мамандарға әзірге жұмыспен қамту орталығының табалдырығын тоздырудан басқа амал
жоқ.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ
{