Оңтүстікте Шымкент-Ташкент бағытындағы күре жолдың құрылысы белгіленген
кестеден бір айға қалып келеді. Бұл жайындағы ақпарат "Батыс Еуропа-Батыс
Қытай" арнайы ресми сайтында жарық көрген.
Көршілес Өзбекстан
бағытындағы халықаралық маңызға ие 80 шақырымға созылатын үлкен жолдың
құрылысын жүргізуді төрт бірдей компания тендер арқылы жеңіп алған. Оның ішінде
32 шақырымын жаңалау қытайлық мердігерлердің міндетіне жатады. Қытайлық
компания күре жолдың бар болғаны жеті шақырымында ғана жұмыс бастаған. Компания
басшылары белгіленген кестеден кешігу себептерін жобада көрсетілмеген
қиындықтармен байланыстырып отыр. Айтуларынша, кезінде бұл аумақтың топырағы
арнайы зертханадан тексеруден өтпеген көрінеді. Бұл қосымша қаражат пен уақытты
талап етеді,- дейді қытайлық мамандар.
Ван Хуай, мердігер:
Сондықтан бізге топырақтың жоғарғы қабатын алып тастауға тура
келді. Бұл кемінде бір метрден астам жер қыртысы деген сөз.
Құрылысшылар жобаға өзгеріс енгізу жөнінде тапсырыс берушілерге ұсыныс
берген. Қазір жолдың бірқатар бөлігінде бетон төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Айта
кетейік, аталмыш компания бұған дейін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай»
автомагистралінің үш учаскесінде жұмыс істеген. Өз тәжірибесіне сенімді
қытайлық компания Шымкент пен Ташкенттің арасын жалғаған күре жолдағы жөндеу
жұмысын келер жылдың тамызында толық аяқтаймыз деп сендіріп отыр.
Айзада
ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ