$494.95 €525.49 ₽5.05
×

«Қазына қаржысын жымқырды» деген күдікпен қамауға алынған Мұрат Өкшебаевтың 4 бірдей пәтеріне және жер теліміне бұғат салынды

AstanaTV
29.07.2015ж. 20:00
1100
«Қазына қаржысын жымқырды» деген күдікпен қамауға алынған Мұрат Өкшебаевтың 4 бірдей пәтеріне және жер теліміне бұғат салынды

«Қазына қаржысын жымқырды» деген күдікпен қамауға алынған Мұрат Өкшебаевтың Астана мен Алматыдағы 4 бірдей пәтеріне, сондай-ақ жер теліміне бұғат салынды. Бұл жөнінде Алматы қаласы Медеу аудандық соты хабар таратуда. Алматы метросының құрылысын басқарған Мұрат Өкшебаевтың өзі аталған аудандық соттың санкциясымен ұсталып, екі айға қамалған-ды.

Метро құрылысы саласында үздіксіз еңбек еткен оның қанша қаражатты «мақсатсыз жұмсағаны» туралы құзырлы орындар жұмған аузын ашпады. Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктіні құрықтау әрекетін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүзеге асырған.

«Метрополитен» коммуналдық кәсіпорнының экс-директоры, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Өкшебаев 2009 жылы да істі болған еді. «120 миллион теңгені жеке пайдасына жұмсады» деп айыпталған ол көп ұзамай ақталған-ды. Үй қамақтан босаған соң, жұмыс орнына қайта оралып, «ең сақалды құрылыс» саналған Алматы метросының басы-қасында жүрді.

Бауыржан Ахметов, Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің бас маманы:

Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының қаулысына сәйкес Өкшебаев Мұрат Танкебайұлын қамауға алу шарасы бекітілді. Қамау мерзімі шілденің он төртінен қыркүйектің он төртіне дейін жалғасады. Сондай-ақ, оның мүлкі мен туыстарының мүлкі, оның ішінде Алматыдағы жер телімдері, бір көлігі мен 4 пәтері тәркіленбек.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ