Қызылорда облысы Жалағаш ауданының прокурорлары «Ақтерек» жазғы балалар лагерінің жабылуын талап етуде. Құзырлы мекеме аудандық білім бөліміне қарасты сауықтыру орнынан бірнеше заң бұзушылықтарды анықтаған.
Бір маусымда төрт жүз бала қабылдайтын лагерьде электр желілері мен қуат көздері оқшауланбаған. Салдарынан бір оқушыны ток соққаны белгілі болды. Абырой болғанда, оның денсаулығына айтарлықтай зақым келмепті. Десе де, осы оқиға прокурорлық тексеруге себеп болған. Лагерьдегі медициналық бекетте мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмектер пайдаланылған және алғашқы көмек көрсетуге қажетті препараттардың жеткіліксіз екені анықталды. Лагерь балалардың жазғы демалысына толық дайын болмаған. Осы ретте жауапты тұлғалардың оны ашуы заңсыз,- дейді прокуратура өкілдері.
Қуаныш Әшімов, Қызылорда облысы Жалағаш ауданы прокурорының аға көмекшісі:
Нәтижесінде тиісті кінәлі қызметкерлер әкімшілік, тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, аталған балаларды сауықтыру лагері тиісті уәкілетті органдарының рұқсат қағаздарын алмастан заңсыз ашқандығы анықталды. Осыған сәйкес демалыс орнын жабу жөнінде сотқа талап-арыз келтірілді. Қазіргі таңда қаралу үстінде.
Шарипа САҚТАПОВА