Алматыдағы мамандандырылған қызмет көрсету орталығында «бір терезе»
қағидасы ақсап тұр. Ұзын-сонар кезек құжатын сағаттап күтетін көлік иелеріне
ыңғайсыздық тудыруда. Көпшілігі қызмет түрлерінің дер кезінде
орындалмайтынына шағымданады.
Есесіне қағаз қарбаласын реттеп беретін
пысықайлар көбейген. Делдардар заңсыз қызмет түрлері үшін қомақты қаражат талап
етеді. Олар көлікті техникалық байқаудан өткізу немесе айыппұлдың жарты сомасын
ғана өтеу секілді қызмет көрсете алатынын айтады. Тіпті ақпараттық базадан
өшіруге сөз береді.
Бұл жайында мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа
қарсы іс қимыл агенттігінің Алматы қалалық департаменті өткізген дөңгелек үстелде
айтылды. Құзырлы мекеме "бармақ басты көз қысты" әрекеттердің 30
фактісін әшкере еткен. Нәтижесінде қызмет көрсету орталықтарының 35 қызметкері
тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ерлан Алданазаров, Алматы қаласының тұрғыны:
Басқа қалалардан кезектен шығарып, осы жерге қалаға тұру проблема болып
жатыр. Осы жолы мен шығара алмай қалып, Петропавлға барып, бүгін, міне, кезекке
тұрайын деп жатырмын. Тек қана жолға біраз уақыт кетті.
Қанат Қадырбеков, ҚР МҚСЖҚ іс-қимыл агенттігі Алматы қалалық
департаменті хатшылығының меңгерушісі:
Егер де мемлекетік органның бір қызметкері қажетсіз құжаттарды талап етсе,
онда азаматтар біздің департаментке арыздана алады. Біз сол мекемеде тексеріс
жүргізіп, кемшіліктерді жою бойынша жұмыс жасаймыз. Бастысы азаматтардың құқығы
бұзылмауы тиіс.
Абзал ҚҰРМАНКИН