$498.55 €524.28 ₽4.75
×

«Бақытты балалық» жобасы балаларға барынша жағдай жасауға бағытталған

AstanaTV
30.07.2015ж. 20:00
2474
«Бақытты балалық» жобасы балаларға барынша жағдай жасауға бағытталған

«Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық» жобасы аясында тың бастама қолға алынды. Ол жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізуін ұйымдастыруды қарастырады. Биылғы жазда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 20 мыңнан астам балаға сауықтыру лагерлеріне тегін жолдама берілді. Мұндай тарту мүмкіндігі шектеулі 30 мыңдай бүлдіршін мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың 200 мыңға жуық балаларына да жасалған. «Нұр Отан» партиясы бастамашы болған тың жобаның іс-жүзінде қалай іске асып жатқанын тілшіміз біліп қайтты. 

Ақмола облысындағы Боровичок демалыс аймағында Астанадағы балалар үйінің 160-тан астам тәрбиеленушісі жазғы демалысын өткізіп жатыр. 12 жанұяға бөлінген балалардың өз үйлері бар. Бір жанұяда 12-ден 20-ға дейін бала демалуда. Демалыс орнында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылады.

Спорттан бөлек бүлдіршіндердің бойындағы талантын таныту мақсатында түрлі сайыстар өткізіліп келеді. Күн сайын ұйымдастырылатын шарада сахнада өнер көрсетіп, шеберлігін шыңдаған балдырғандардың кәсібилігі таңдай қақтырады.

Анна Вайдурова, балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Маған мұнда ұнайды, өйткені осында әртүрлі қызықты ойындар өткізіледі, әртүрлі қызықты кеш шаралар ұйымдастырылады. Мұнда өте қызықты, мұнда жай отыруға болмайды, ойнайсың, не істегің келеді, бүкіл жағдайлар жасалған.

Демалыс орнында шығармашылық кештер мен спорттық ойындардан бөлек балалардың білім алуына баса назар аударылған. 9 сыныпты тәмамдап, колледжге түсуге ниеттенген жастарды ұстаздар емтиханға дайындайды. Ал биыл мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндер тақпақты жатқа айтады.

Кирилл Боуков, балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Қанша бала, қанша қыз. Бұршақ гүлміз баршамыз. Ойын-күлкі ордасы, біздің балабақшамыз.

Насихат Сапаева, балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Әдепті баламыз, арқан тарта аламыз. Нанға кетсе анамыз, үйде өзіміз қаламыз.

Ұлдана Төлеулина, балалар үйінінің мектепке дейінгі сынып мұғалімі:

Күнде бірінші сыныпқа баратын балалармен дайындаламыз. Әріптерді үйретеміз, сандарды, есепті шығаруға. Қазіден бастап мектепке дайын болу үшін. Сонымен қатар кішкентай 4-5 жастағы балалармен түскі ұйқыдан кейін олармен жұмыс істейміз.

Бақытты балалық - дені сау дамушы қоғамды қалыптастырудың айнымас шарты. Бұл «Нұр Отан» партиясы жүзеге асырып жатқан жобаның басты мақсаты. Жоба аясында бүлдіршіндердің жағдайы жан-жақты қамтылған.

Оксана Дзюба, Астана қаласы балалар үйі директорының орынбасары:

Лагерь жыл бойы жұмыс істейді. Қысы-жазы балалар үйінің тәрбиеленушілері демалыстарын осында келіп өткізеді. Құр демалып қоймай, оларды жан-жақты дамытуға тырысамыз. Спортқа, шығармашылықа баулыймыз. Оның ішінде әсіресе дұрыс тамақтануына көңіл бөлеміз. 5 уақыт тамақтандырмыз. Оларға үнемі қолдан жасалған табиғи таза тағам ұсынамыз. Барлығы үйдегідей болуы абзал.

Партия Доктринасына сәйкес әр азаматқа туғаннан дені сау, білімді болуға мүмкіндік беретін әлеуметтік және басқа да игіліктер кепілді әрі тең тұрғыда қол жетімді болуы тиіс. Ал, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік бейімдеу - алдыңғы орында. «Бақытты балалық» жобасының басты мақсаты - балалар үйі тәрбиеленушілерінің баспаналы болуы мен кедергісіз білім алуына жағдай жасау.

Берік ХАСЕНОВ