$524.24 €612.94 ₽6.68
×

«Рысқалиевтың қылмыстық тобы» ісі бойынша сотталғандардың шағымдары мен прокурорлар наразылығын кассациялық сот алқасы қарады

AstanaTV
31.07.2015ж. 20:00
1427
«Рысқалиевтың қылмыстық тобы» ісі бойынша сотталғандардың шағымдары мен прокурорлар наразылығын кассациялық сот алқасы қарады

«Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтың қылмыстық тобына» қатысты іс бойынша сотталғандардан түскен шағымдар мен прокурорлар наразылығы кассациялық сот алқасында қаралды. 

Аталған сот отырысы бас аяғы үш күнге ғана созылды. Бұл жолы үкімді тыңдауға тек үш сотталушы әкелінген, өзгелері жазасын өтеп жатқан жерлерінен процеске онлайн жүйесі бойынша қатысты. Кассациялық сот алқасының қаулысымен бұған дейін әр түрлі сатыдағы соттардың шығарған үкімі ішінара өзгертілді. Яғни сотталушылардың кейбірінің мүліктері кері қайтарылды. Олар - Атырау және Алматы қалаларындағы 3 пәтер, 2 тұрғын үй мен 5 жер телімі. Судья жылжымайтын мүліктердің қай сотталушыға тиесілі екенін нақтыламады. 

Марғулан Бектұрғанов, Атырау облыстық соты кассациялық алқасының төрағасы және Атырау облыстық соты төрағасы:

Аталған мүліктер тиым салудан босатылсын. Сот қаулысының қалған бөліктері өзгеріссіз қалсын. Прокурорлар түсірген наразылықтар ішінара қанағаттандырылсын. Кассациялық сот қаулысы жарияланған кезден бастап күшіне енсін.

Еске салайық, «Бергей Рысқалиевтың қылмыстық тобына қатысты» іс бойынша Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өткен жылдың 14-ші қарашасында үкім шығарған еді. Қызмет бабын асыра пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топқа басшылық жасау, бюджеттің 42 млрд теңгесін талан-таражға салу, жалған құжаттар әзірлеу баптары бойынша кінәлі деп танылған 22 адамның 15-і 2 жыл 6 ай мен 15 жыл аралығында бас бостандығынан айырылу жазасын арқалады.

Ал сотталғандардың екеуі - Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар Керімов пен облыстық қаржы басқармасының бастығы Бауыржан Жантеміров апелляциялық сот қаулысымен 18 маусым күні мерзімінен бұрын босады.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ