$525.87 €614.37 ₽6.72
×

Қызылжар өңірінде жасөспірімдердің өз-өзіне қол салу оқиғалары жиілеген

AstanaTV
31.07.2015ж. 20:00
1020
Қызылжар өңірінде жасөспірімдердің өз-өзіне қол салу оқиғалары жиілеген

Қызылжар өңірінде жасөспірімдердің өз-өзіне қол салу оқиғалары жиілеген. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында өмірін қиған жеткіншектер саны жетеуге жетті. Тағы 19 бала осындай әрекет жасамақ болған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есеге көп.

Мұндай деректермен облыстық прокуратура өкілдері бөлісті. Олар мектеп оқушыларының өз-өзіне қол салу деректеріне байланысты білім беру мекемелерінде тексеріс жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде жауапты органдардың бұл проблемаға салғырт қарағанын анықтапты. Нәтижесінде облыстық білім беру басқармасының басшысы сөгіс алған.

Петровка ауылында орналасқан аграрлық-техникалық колледжде өткен жылдың мамыр айынан бастап, үстіміздегі жылдың мамыр айы аралығында 2 студент өз өзін өлтірсе, тағы үшеуі өмірмен қоштаспақ болған. "Бұл мекемені тексеру кезінде анықталған олқылықтар шаш етектен", - дейді прокуратура мамандары. 

Арай Әлімов, Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары:

Бұл бағытта тексеру жүргізген кезде үлкен проблемаға тап болдық. Суицид оқиғаларының себебін ешкім анықтауға тырыспаған. Мәселен, Петровкадағы колледжде кей студенттер сабаққа апталап бармайды. Тіпті жүкті болып қалған қыздар да кездесті. Балаларға немқұрайлы қараған мекеме жетекшісі жұмыстан қуылып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Абзал ҚҰРМАНКИН