$524.24 €612.94 ₽6.68
×

Шымкентте аптап ыстықтан көше бойындағы гүлдер мен жасыл желек қурап кеткен

AstanaTV
31.07.2015ж. 20:00
1485
Шымкентте аптап ыстықтан көше бойындағы гүлдер мен жасыл желек қурап кеткен

Шымкентте аптап ыстықтан көше бойындағы гүлдер мен жасыл желек қурап кеткен. Осыған орай әкімдікке қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі «ЛТД Тұрмыс» серіктестігінен бес миллион теңгеге жуық айыппұл өндірмек. Көріктендіруге жауапты мекеме, өз ісіне салғырт қарағаны үшін, осындай жазаға тартылып отыр. 

Қонаев даңғылы бойындағы жас өскіндердің сиқы - мынау. Көктемде ғана 650 шаршы метр аумаққа бір жылдық гүлдер отырғызылған. Көріктендіру секторы меңгерушісінің айтуынша, қазір олардың жиырма пайызы қурап қалған. Осы үшін серіктестікке 4 млн 885 мың теңге айыппұл салынып отыр.

Бақдәулет Мәлімов, Шымкент қаласы ТҮКШ бөлімі көріктендіру секторының меңгерушісі:

Бұл жерде «ЛТД Тұрмыстың» кінәсі - дер кезінде суармаған. Біздің қойған талаптарымызды орындамаған. Соның салдарынан гүлдер мен жасыл гозондардың қурап қалуына жол берген. Одан басқа басқа да мекемелерге айыппұл салғанбыз. Бірақ олардың айыппұл суммалары 700 мың, 600 мың теңгеге жетеді. Және бір рет қайталап өтейін, «ЛТД Тұрмыспен» қол қойған келісімшартымыздың сомасы үлкен болғандықтан, олардың айыппұлы да үлкен.

Шаһарда «ЛТД тұрмыс» серіктестігі күтіп-ұстауға міндетті 2 млн түп гүл мен ағаш көшеттері бар. Жауапты мамандардың айтуынша, күн сайын жиырмаға тарта техника көше бойындағы жасыл желек пен жайқалған гүлдерді тынбай суарады. Бірақ жайқалған желектің қурап кетуіне бұл да тосқауыл бола алмапты. Осыдан он жылдай бұрын тартылған суару жүйелерінің әбден тозығы жеткен.

Жеңіс Нұрденов, «ЛТД тұрмыс» ЖШС көгалдандыру бөлімінің жетекшісі:

Мына жерін жалғап жатсақ, басқа жері жарылып шығады. Оны жалғап жатсаң, тағы басқа жері шығады. Ол толықтай ауыстырылу керек, Бұл ағымдағы жөндеу деген қазір істелінеді, судың қысымымен ол басқа жерінен жарып шығып жатыр. Қонаевта жүргеніме он күн болды. Он күннің ішінде қанша жерін ауыстырып жатырмын.

Бұл жағдайға табиғаттың әсері бар екенін агрометеорологтар да жоққа шығармайды. «Дегенмен шығынның алдын алуға мүмкіндік бар»,- дейді.

Арайлым Тұрғынова, «Қазгидромет» РМК ОҚО инженер-агрометеорологы:

Максимальды температура +43+45 градусқа дейін жетті ауа температурасы. Ал жердің температурасы 68 -70 градустан жер бетінің ыстығы көтерілді. Осының нәтижесінде олардың жапырақтарының күюі байқалды. Оны қайта -қайта суарып жатса, мұндай шығыннан құтқаруға болады деген сөз.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Шымкент көшелерінде қазір қылқан жапырақтылар да қурап тұр. Бір ғана Қонаев даңғылының бойындағы ондаған мәңгілік жасыл ағаштың жапырақтары мына секілді сарғайып кеткен. «ЛТД Тұрмыс» ЖШС мамандары мұны көктемгі суық пен шілденің аптап ыстығымен байланыстырып отыр.

Ауа-райын болжаушылардың мәліметінше, тамыз айының бірі мен алтысы аралығында күн райы тағы да +43 градусқа дейін ыстық болады деп күтілуде. Егер дер кезінде суару мәселесі шешілмесе, қалада өсімдіктердің шығыны бұдан да арта түспесіне кепіл жоқ.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ