Алматыда жұрттың жағасын ұстатқан балабақшадағы қанды оқиғаға байланысты
сот процесі басталды. Кішкене қыз баланың өмірін қиып, тағы 9 сәбидің
денсаулығына нұқсан келтірген Татьяна Семченконың ісі бүгін Ауезов аудандық
сотында қаралды.
46 жастағы күдікті Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-бөлімі бойынша
айыпталуда. Ол өз кінәсін мойындады және онкологиялық диспансерде есепте
тұрғанын айтты. Жаңа заңнамаға сәйкес екі жақтың бітімге келуі мүмкін емес.
Әйтсе де, Семченко жәбірленуші тараппен бітімге келгісі келетіні туралы ауызша
өтініш жасады. Сот отырысы кейінге шегеріліп, тамыз айының онына қалдырылды.
Еске салайық, Таугүл-1 ықшам ауданындағы балабақшаның аумағында мамыр
айында қайғылы оқиға орын алған-ды. Айыпталушы балабақшаның қоршауын бұзып,
шатыр астында ойнап отырған балаларды көлігімен жаншып өткен еді. Сұмдық
оқиғадан 5 жасар қыз оқиға орнында көз жұмып, 9 бүлдіршін әртүрлі дене
жарақатымен ауруханаға түскен.
Бақытжан Есенов, судья:
Процессуалды келісімге келу туралы айыпталушы жақ ауызша, ал қорғаушы
тарапынан жазбаша өтініш келіп түсті. Істі қарау уақытша тоқтатылып, қосымша
уақыт беріледі. Белгіленген уақыт – 10 тамыз.
Самат ҚАНАҒАТОВ