Алматы маңындағы селден зардап шеккен «Қарағайлы» елді мекенінің халқы әлі де көмекке
зәру. Тұрғындар әсіресе ауладағы лай қалдықтарын шығаруға жұмыс күші жетпей
жатқанын айтты. Сондай-ақ зардап шеккендерге берілуі тиіс материалдық көмекті
әлі ешкім алмаған. Жергілікті атқарушы билік оның көлемін алғашқыда әр отбасы
үшін 100 айлық есепті көрсеткіш деп белгілеген. Алайда тұрғындар үйлерді аралап
жүрген комиссия өкілдерінің осыдан соң үнсіз қалғанына алаңдаулы. Мәселенің
мән-жайын Ришат Асқарбекұлы анықтауға тырысты.
Болат
Қалиұлы су тасқынынан зардап шеккен күннен бері көмекке зәру. Ауласын мынадай
қара батпақ әлі басып жатыр. Жүретін жолын әкімдіктің көмегін күтпей-ақ туыстарының көмегімен тазартқан. Бүгін оның
жертөлесін балшықтан аршу үшін еріктілер тобы келді. Ал атқарушы билік
баспасөзге жалған ақпарат берумен шектеліп жатыр, дейді үй иесі.
Болат
Қалиұлы, зардап шегуші:
Мынандай
болып жатыр деп, ешкім тексеруге де келген жоқ. Акиматтан комиссия шығып, қанша
пайыз болды, қанша тазаланды, деген де ешкім болмады. Ақша туралы ойлап жататын
жағдайымыз жоқ. Ең болмаса, мыналар әлі тазаланбапты ғой, техника берейік, деген
ешкім жоқ.
Сел
орын алған күннің ертесінде-ақ жергілікті атқарушы билік ешкімнің көмексіз
қалмайтынын жеткізді. Қала әкімінің орынбасары Юрий Ильин тасқынның алғашқы күндері әлеуметтік
органдарға арыз бергендер үшін 100 айлық есепті көрсеткіш көлемінде бір реттік
жәрдем берілетінін айтқан еді. Бұл шамамен 200 мың теңге. Ал үйін
сақтандырғандар мен баспана құжаты рәсімделген отбасылар қосымша қаржылай
көмекке ие болатыны мәлімделді.
Болат
Қалиұлы, зардап шегуші:
200
мың теңге туралы ешкім айтқысы келмейді. Әкім немесе оның орынбасары, тіпті бір
бөлім басшысы аралап, көріп жағдаймен танысуына
болады ғой.
Қарапайым
тұрғындар селдің қайталануынан сескенеді. Ауа райының құбылуы бұл күдікті одан
сайын күшейтіп отыр. Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті бүгін таулы
аймақтарда нөсер жауып, өзен-көлдердің арнасы ұлғаюы мүмкін екенін ескертті.
Ал қалалық төтенше жағдайлар қызметінің
өкілдері халықты үрейленбеуге шақырады.
Нұрбек
Қожахметов, Алматы қаласы ТЖД баспасөз хатшысы:
Қазір Қарғалы өзенінің
аумағындағы 4 шақырым жер тастан тазартылып, кеңейтілу үстінде. Қазіргі таңда
Алматы қаласына ешқандай селдік қауіп төніп тұрған жоқ. «Қазселден қорғау»
мекемесі күнде сараптама жасап, бізге ақпараты беріп отырады.
Осы
кезде қалалық ішкі істер департаменті де елді дүрліктіргендерге қарсы
іс-қимылдарға көшкен. Әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат таратқан алғашқы
күдіктілер құрықталды.
Алматы
қаласы ішкі істер департаменті:
«Алматының 25 жастағы тұрғыны әлеуметтік
желілер арқылы қасақана жалған ақпарат таратқан. Ол селден бүлінген аймақты
тазалау кезінде 4 адамның мүрдесі табылды деген мағынада жазба қалдырды. Бұл
факті бойынша Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-тармағы негізінде іс
қозғалды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Полиция табиғат апаты туралы өзге де
жалған ақпарат таратқандарды іздестіру үстінде».
Аймақты
қалпына келтіру үшін құрылған штаб өкілдері 10 күн ішінде 213 мың текше метр
лайды тазартқан. Қазір 2 мыңға жуық адам тазарту шараларына тартылды. Олар
негізінен әскерилер мен төтенше жағдай қызметінің өкілдері. Алғашқы күндері
1570 адамнан тұратын еріктілер тобы да 134 үйдің ауласын өз күштерімен лайдан
босатқан. Десе де тұрғындар әлі де жергілікті биліктің жәрдеміне зәру. Әсіресе
жиналған лай-балшықты қала сыртына тасымалдайтын техника жетіспей жатыр, дейді
олар.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ