$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Иранда осы аптада ауа температурасы 74 градусқа дейін көтерілді

AstanaTV
05.08.2015ж. 20:00
2096
Иранда осы аптада ауа температурасы 74 градусқа дейін көтерілді

2015 жылдың жазы адамзат тарихындағы ең ыстық және азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіпті жыл болмақ. Иранда осы аптада ауа температурасы 74 градусқа дейін көтерілді. Ал көршілес Ирак елінде  аптап ыстыққа шыдау мүмкін болмағаны соншалық,  шенеуніктер төрт күндік демалыс жариялауға мәжбүр болды. Қатты ыстықты бастан өткеріп жатқан Қазақстандағы ауа-райы қалай болмақ? Бұл жайында келесі бейнематериалда. 

Иракта дәл қазір ауа температурасы 50 градусты көрсетіп тұр. Адамдар ыстықтан суға түсіп қорғануда. Өзен жағалауынан түнгі мезгілде де адам үзілмейді. Қараңғы түссе де, аптап ыстықтың беті қайтпай тұр. Жергілікті билік демалысты ұзартқан. Яғни Ирак халқы бейсенбіден жексенбіге дейін демалады. Алайда шенеуніктердің адамдар үйінен шықпай отырады, деген жоспары әскери босқындардың көптігінен  орындалмай қалатын түрі бар. 14 миллионнан астам Ирак азаматының тұрақты мекені жоқ. Мұнда жұрт жарық пен суға зәру. Бұл қиындыққа төзбеген азаматтар наразылық акциясын ұйымдастырды.

Біздің үш талабымыз бар. Ең бірінші сұрайтынымыз – электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етсін. Әсіресе мынадай аптап ыстық күндерде. Екіншіден, сыбайластықты жойсын.

Иранда да бұрын-соңды болмаған аптап ыстық орнады. Өткен демалыс күндері мұнда сынап бағанасы 74 градусқа дейін көтерілген. Ауа-райын болжаушылардың мәліметі көңіл көншітпейді. Синоптиктер температура 50 градусқа дейін төмендегенімен, аптап ыстық әлі де сақталатынын ескертті.

Ал Жапон елінде аптап ыстық 25 адамның өмірін қиды. 12 мыңдай адам ауруханаға жатқызылған. Мұнда өткен  демалыста ең ыстық күндер тіркелді. Пәкістанда да екі мыңдай мұсылман шыжыған ыстықтан зардап шегіп отыр. Ауа райы Қазақстан халқына аса қауіп төндіріп отырған жоқ. Десе де  синоптиктер  ыстық күндердің елімізде де тіркелгенін айтады.

Алуа Саханова, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

Қарағанды, Батыс Қазақстан, Орал және Маңғыстау облыстары бойынша ауа температурасы 40-43 градусқа дейін көтерілді. Қазір бүгіннен, нақтырақ айтсақ, ертеңнен бастап ауа температурасы біртіндеп төмендей бастайды. Алдағы күндері Қазақстан аумағы бойынша ауа температурасы солтүстік және солтүстік батыс өңірлерде күндіз 12-20 градусқа дейін төмендейді. 

Ауа температурасының бірқатар елдерде бұлайша жоғарылауы әлемдік рекордқа жете қойған жоқ, - дейді білетіндер. Жер бетіндегі ең ыстық күндер 2003 жылы Сауд Арабиясында тіркелген көрінеді. Ол кезде сынап бағанасындағы көрсеткіш +83 градусқа жетіпті. Бірнеше ондаған адам көз жұмып, жүздеген адам зардап шеккен.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ