$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Алматыда көп уақыттан бері дауға айналған ипподром қаланың меншігіне өтіп, қайта даму даңғылына түспек

AstanaTV
05.08.2015ж. 20:00
1905
Алматыда көп уақыттан бері дауға айналған ипподром қаланың меншігіне өтіп, қайта даму даңғылына түспек

Алматыда көп уақыттан бері дауға айналған ипподромның тағдыры шешілді. Бәйге алаңы енді қаланың меншігіне өтіп, қайта даму даңғылына түспек. Тәуелсіздік алғалы бері жеке меншікте болған ат шабыс алаңын мемлекет қарамағына қайтару үшін қыруар қаражат та қарастырылып отыр. Аумағы 40 гектардан асатын жер теліміне көз салып,  өз мақсатына пайдалануды ойлағандар болды. Енді ол өзінің ипподром мәртебесінде қалып, атбегілер игілігіне жарайтын болды. Тақырыпты тілші тарқататын болады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Алматы ипподромы ТМД мемлекеттерінің ішіндегі ең таңдаулы бестікке кіреді. Ал Орталық Азия елдерінде оған теңдесетін бәйге алаңы жоқ.  Алайда соңғы 20 жылда даму жолынан жаңылған шабыс алаңы енді қайтадан жаңғыруы мүмкін. Алматы әкімдігі алдағы жылдары ипподром қалаға табыс әкеледі. Ал ат спортын сүйетін қауымға жаңа рекордтар орнатуға мүмкіндіктер тудырады, деп сендіреді.

Атбегілер де бұл жаңалықтан соң бөркін аспанға атуға әзір. Соңғы жылдары ипподромның тағдырына алаңдап, дабыл қаққан ат спортының жаңашырлары бүгін осында жиналды. Ислам Байрамуков ипподромнан ат тұяғының дүбірі естіледі деген жаңалыққа елең етіпті. Атақты балуан, Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері атбегілікпен айналысып жүр. Елбасының атына хат жолдаған бастамашылдардың қатарында ол да жүрген еді.

Ислам Байрамуков, Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, атбегі:

Атбегілер қуанып жатыр. Көбінің көңілі қалып, ат спортынан кеткендер де бар. Аттарын қаражат жұмсап, Еуропаға, Америкаға барып, өз ақшаларын жұмсап, өздері ат әкеліп жүр. Былтыр ғана шетелден 100-ден астам ат кіріпті. Қаншама ақша сыртқа кетіп жатыр. 

Алматы қаласы әкімдігі ипподромның мемлекет меншігіне қайтарылатыны туралы бұған дейін де мәлімдеген. Бүгін «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілі тартысқа түскен ат шабыс алаңының  қайтарып алынғанын ресми түрде мәлімдеді. Ипподром «Тенгри-Инвест» компаниясынан сатып алынып, 100 пайыз қала меншігіне өтті. Бұл ұсынысты  23 шілде күні қалалық мәслихат  мақұлдап, дауыс берген.  

Қайрат Құлбаев, «Алматы» ӘКК басқарма төрағасы:

Бұл жобаны біз ат спортын дамытудың жаңа кезеңі деп қараймыз. Біріншіден, қала халқының демалатын ерекше орнына айналады. Сосын ол бизнес жоба ретінде қарастырылып отыр. Қаланың бюджетіне пайда әкелетін саланың біріне айналуы тиіс. Сауатты менеджментті жолға қойсақ, енді 6 жылдан кейін ипподром толықтай қалпына келеді деп үміттенеміз.

Тарихы тереңде жатқан Алматы ипподромы Кеңес заманында әсіресе шабандоздарға мол мүмкіндік ашты. Республикадағы ат спортының шарықтау кезеңінде 2 мыңға жуық асыл тұқымды жылқы бапталған. Түрлі рекордтар да жаңартылды. Енді қала билігі бәйге алаңын бұрынғыдай даму даңғылына сала ма? Ал кешеннің қазіргі қожайынына қала бюджетінен 22 миллион АҚШ доллары төленбек.

Ислам Байрамуков, Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, атбегі:

Құзырлы органдардың сұрағы шығар. Бірақ 20 жыл ішінде неге мұнда бір тиын салынбаған. Ипподромға қалай келдім, осында бір тиын жұмсалған жоқ. Ал аренданы артыңнан қуып жүріп алады. Болмаса, светті, суды өшіреміз деп қорқытады.

Ипподромның қараусыз жатқанына көп жылдар болды. Меншік иелері оны әртүрлі коммерциялық мақсаттарға пайдаланып келген. Тіпті кешеннің қожайындары бәйге алаңын сүріп тастап, сауда орталығын тұрғызу жоспарымен де бөліскен еді. Осыдан кейін БАҚ өкілдері мен ат спортының жанашырлары дабыл қағып, мәселені мемлекет деңгейінде көтерді. Ал атбегілер қала билігінің бүгінгі шешімі қағаз жүзінде қалмаса дейді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ