Айдын
Айымбетов халықаралық ғарыш стансасында Қазақстанның ғылыми зерттеулері мен
тәжірибелерінің бесінші бағдарламасын іске асыратын болады. Сондай-ақ,
ғарыштағы сапары кезінде ол ғарыш кемесінің басқару ісіне қатысады. Бұл туралы Интерфакс-Қазақстан агенттігіне
аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев хабарлады.
Аталмыш
бағдарламаның жұмыстары бірнеше бағыттарды қамтиды. Бұл ретте табиғи-ресурстық
және геофизикалық мониторинг жасалады. Яғни Қазақстанның Арал теңізі мен осы
аумақтағы құмды борандардың мониторингі, Каспий теңізіндегі мұнай төгілген
жерлер секілді экологиялық ахуалы нашарлаған аймақтар жіті бақылауға алынады.
Сонымен қатар, найзағай жиі ойнайтын аймақтардың жоғары атмосферасындағы
процестер мен қазіргі жағдайы тексеріледі. Осы зерттеулердің нәтижесінде
Қазақстанның кризистік аймақтарының жағдайы және төтенше жағдайлардың орын алу
ықтималдығы тексеріледі.
Айта кетелік, отандасымыз Айдан Айымбетов экипажы үш
адамнан тұратын «Союз ТМА - 18» ғарыш кемесімен алдағы қыркүйек айында ғарышқа
ұшады деп жоспарланған.
Еркін КАРИН