$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Түркияда жол апатынан қаза тапқан Аида Сарабаеваның денесі сақтандыру компаниясының қаражаты есебінен елге жеткізіледі - СІМ

AstanaTV
07.08.2015ж. 20:00
1134
Түркияда жол апатынан қаза тапқан Аида Сарабаеваның денесі сақтандыру компаниясының қаражаты есебінен елге жеткізіледі - СІМ

Түркияда болған жол апаты кезінде қаза тапқан отандасымыз Аида Сарабаеваның денесі сақтандыру компаниясы қаражаты есебінен елге жеткізіледі. Бұл туралы СІМ-нің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлімдеді.

19 жастағы Аида - апаттан көз жұмған жалғыз қазақстандық. Ол Түркияға туыстарымен бірге демалуға барған. Жол апаты кезінде Аида Сарабаевамен бірге болған екі әпкесінің жағдайын дәрігерлер қалыпты деп  отыр.

Еске салайық, қайғылы оқиға кеше кешкісін Түркияның оңтүстік-батысында орын алды. Памуккале қаласынан Анталияға бағыт алған  автобус аударылып кеткен. Ақпарат құралдары  қоғамдық көлікте 64 турист болған деп хабар таратуда.  Апат салдарынан 4 адам қаза тапты. Олардың үшеуі - Ресей азаматтары.

Алтай Әбибуллаев, ҚР СІМ ресми өкілі, ерекше тапсырмалар жөніндегі елші:

Аиданың мәйітін ертең немесе жексенбі күні Қазақстанға жеткізу бойынша барлық көмектерді көрсетеміз. Біз Түркия полициясына сақтандыру компаниясымен бірге отырып арыз жаздық. Ол арыздың басты мақсаты - Аиданың денесін тезірек елге қайтару. Аиданың ата-анасы мәйітті Қарағандыға жеткізуге өтініш білдірді. Бірақ Анталия мен Қарағанды арасында тікелей әуе рейсі болмағандықтан, мүмкіндігінше денесі Астанаға жөнелтіледі. 

Айта кетейік, жат жерде көз жұмған Аида Сарабаева - біздің әріптесіміз - арнамыздың Қарағанды облысы бойынша тілшілер қосынының таспагері - Мақсұт Сарабаевтың қызы. «Астана» телеарнасының ұжымы марқұмның отбасына қайғысына ортақтасып көңіл айтады. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ