Таразда
бірнеше отбасы үйіміз үйіндіге айнала ма деп қорқады. Шаһар шетіндегі «Береке»
және «Коммунальник» өндірістік
кооперативіне қарасты 18 жекеменшік үй қызыл сызықтың бойында қалған көрінеді.
Яғни тұрғындардың баспанасы трансшекаралық газ құбырына жақын орналасқан.
Талап бойынша үйлер мен жер асты
құбырының арасы 150 метр болуы тиіс. Осы талап өрескел бұзылды, деген газ тарату
компаниясының өкілдері, жер телімдері заңсыз үлестірілген, деп отыр. Мұнда 10 жылдан бері тұрып келе жатқан тұрғындар
болса, «баспанамыз бұзылады» деген үрей құшағында өмір сүруде.
Мына
баспаналар орналасқан жер телімін 10 жыл
бұрын Тараз қаласы әкімдігі тұрғындарға үлестірген. Алайда, жер телімдерінің жер асты құбырына жақын орналасқанын алға
тартқан «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы «әкімдік
олқылыққа жол берді» деп былтыр сотқа жүгінген. Сот «жер телімдері дұрыс берілмеген»
деген шешім шығарады. Енді жерасты құбырына жақын үйлердің
жермен-жексен болу қаупі бар.
Гүлмира
Исаева, «Комунальник» бау-бақша кооперативінің тұрғыны:
Біз
айдаладан алып отырған жоқпыз ғой учаскені. Әкімге барып, әкімшілік арқылы алып
отырмыз. Әкімнің қаулысы да бар, міне. «Үй сала беріңдер»,-
деді. Енді сүріп тастаса, қайда барамыз сонша бала-шаға?
10 жыл бұрын қайда қалды бұлар? Үй салып
жатқанымызды біледі.
1967
жылы жүргізілген құбыр бүгінге дейін
қараусыз қалып келген сыңайлы. «Диаметрі 533 мм
болатын құбыр маңында «Қауіпті аймақ» деген белгі де қойылмаған», - деп ашынады тұрғындар.
Кетебай
Тұңғышбаев:
«Интергаз» тәртіптегі қағазын беру керек, «міне, 150 метрден салуға болмайды» деп. Бұл
қалалық әкімде сақталу керек. «Интергаздың» берген қағазы бойынша жерді өлшеп,
150 метр әрден салуға рұқсат ету керек. «Интергаздың»
көрсетпесі болмай, қала қалай жер береді, рұқсат етеді?
Жамбыл
облыстық мамандандырылған ауданаралық
экономикалық соты 7 шілде күні шешім
шығарады. Онда «жер телімін беру туралы әкімдік қаулысының күші жойылсын» делінген. Алайда, атқамінерлердің де өз уәжі бар.
Бауыржан
Молдашев, Тараз қаласы әкімдігі мемлекеттік құқықтық бөлімі басшысы:
Болашақта
ол үйлер бәрібір бұзылмайды. Сот көп мән-жайларға көңіл аудармаған, деп
ойлаймын, өйткені 1967 жылы соғылған магистральды газопроводқа олар осы күнге
дейін құжаттарын рәсімдемеген. Газ құбыры соларға тиесілі туралы бірде бір
қағаз көрсетпеді. Сондықтан біз әлі де ойлаймыз, олар тиісті талапкер емес деп.
Қызыл сызықтың үстінде тұрған жоқ. Тұру үшін оны өздері дәлелдеу керек.
Тұрғындарға қазіргі таңда алаңдауға еш негіз жоқ.
«Интергаз Орталық Азия»
акционерлік қоғамы «Тараз» магистральды құбырлар басқармасының басшысы болса,
бізге тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды, дейді. Ол құбырға жақын аймақта тұрғын
үйлер болмауы үшін соңына дейін күресуден жалықпаймыз деп отыр.
Болат
Мұртазаев, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Тараз» магистральдық газ құбырлары
басқармасының директоры:
Газ құбыры мемлекеттікі болғанымен, оның
қауіпсіздігі мен қызметіне біз жауаптымыз. Мұның бәрін халықтың қауіпсіздігі
үшін жасаймыз. Тараз қаласы әкімдігі
жерді берерде телім актілерін жер қатынастары және құрылыс сәулет бөлімдерімен
келісіп беруі керек еді. Жер беру ісінде арнайы комиссия бар. Солар да мұны
мұқият қайта қарап, аумақтың газ құбырына жақын екені анықталған соң, жер беруді
шектеуі керек еді. Біз әділдікке жету үшін соңына дейін барамыз.
Құбырға
қатысты кикілжіңнің қашан аяқталары әзірге белгісіз. Ал екі ортада «баспанамыздан
айырыламыз ба»
деп алаңдаған ағайын күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалған.
Данияр
ӘЛІМҚҰЛ