$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Жыл аяғына дейін Қызылорда шыны зауытының құрылыс алаңында дайын өнім қоймасы мен темір жол төсемі дайын болады

AstanaTV
07.08.2015ж. 20:00
2734
Жыл аяғына дейін Қызылорда шыны зауытының құрылыс алаңында дайын өнім қоймасы мен темір жол төсемі дайын болады

Жыл аяғына дейін Қызылорда шыны зауытының құрылыс алаңында дайын өнім қоймасы мен индустриалды аймаққа келетін темір жол төсемі дайын болады. Бұл туралы  құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында нысанның басы қасында жүрген азаматтар баяндады. Кәсіпорын алғашқы өнімін  2017 жылы шығарады деп жоспарланып отыр. Қуаттылығы жылына екі жүз мың тонна шыны өндіруге қауқарлы зауыттың өнімдерін экспортқа шығару мәселесі де шешіліп жатыр.

Қызылордадағы индустриалды аймаққа қарайтын елу гектар аумақты тегістеуге жұмысшылар жиырмасыншы мамырда кіріскен. Сонан соң болашақ шыны зауытының іргетасы қаланды. Бүгінгі күні дайын өнім қоймасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 

Биғали Тоқаев, «ORDA GLASS LTD» ЖШС құрылыс жөніндегі директоры:

Қазіргі таңда жер жұмыстары сексен пайызға бітті, фундамент құрылысы, бетондау жұмыстары жиырма пайызға дейін бітіп тұр. Енді осы айдың аяғына қарай жоғарғы металлоконструкциялар әкеліп, жұмыстар басталады. Монтаждау жұмыстары қыстың күні тоқтатылмайды, қысқа дейін бетондау жұмыстарын бітіруіміз керек.

Құны елу екі миллиард теңге тұратын жобаның 80 пайызын Қазақстанның даму банкі, қалған жиырма пайызын америкалық «Stewart Engineers» компаниясы мен Қазақстан инвестициялық қоры қаржыландырады. Ал шыны өндірісіне кварц құмы, әктас, доломиттер пайдаланылмақ. Бұл шикізаттардың барлығы Қызылорда облысында шығарылады.

Ғалым Әміреев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

Біздің кестеміз бойынша жұмыстар уақытылы жасалып, үлкен көлемді жұмысқа көшіп жатырмыз. Енді фундаменттік жұмыстардың қарқыны жақсы. Әрі қарай үш айда бір, кварталда бір рет осы жұмыстарды бақылап тұрамыз.

«Stewart Engіneers» компаниясының озық технологиясы енгізілетін зауыт іске қосылғанда, үш жүз адам жұмыс істейді. Қазақстандық мамандар америкалық әріптестерімен тәжірибе алмасуға әзір. Ал 2017 жылдың жазында зауытта алғашқы шыны кесінділері шығарылмақ. Алдымен құрылыс саласына қажетті шынылар жасалады. Дайын өнімнің 70 пайызын ішкі нарыққа, қалғанын экспортқа шығару жоспарланған. Өнімдер Кедендік одақ мемлекеттері мен Орталық Азия елдеріне жіберілетін болады.

Шарипа САҚТАПОВА