Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қызылорда облысында апатты мектептер жаңа оқу жылында балаларды қабылдауға дайындалып жатыр

AstanaTV
10.08.2015ж. 20:00
1857
Қызылорда облысында апатты мектептер жаңа оқу жылында балаларды қабылдауға дайындалып жатыр

Құлағалы тұрған білім ошақтарында оқушылар білім алатын болады. Қызылорда облысында ресми түрде апатты деп танылған мектептер жаңа оқу жылында балаларды қабылдауға қызу дайындалып жатыр.

Мысалы, Қармақшы ауданының Қуаңдария ауылындағы №186 орта мектептің спорт залы, медициналық бекеті мен өзге де бірнеше кабинеті мамыр айында сот шешімімен жабылған болатын. Соған қарамастан, дәл осы көне ғимаратта оқушылар әрі қарай білім алуға мәжбүр болмақ. Өйткені ауылда басқа ғимарат жоқ.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған үш қабатты мектеп 2002 жылы бұзылып, содан шыққан көне құрылыс материалдарынан осы мектеп тұрғызылған. Бірақ мұның да алдыңғы қаусап тұрған ескі мектептен айырмашылығы шамалы. Тіпті есік, терезелері де ауыстырылмаған. Тозығы жеткен олар, уақыт өте келе, сыр бере бастапты. Қабырғалары сөгіліп, төбесі тесілген. Ақыры 2013 жылы бұл ғимарат апатты деп танылды.

Жанұзақ Ордаев, Қуаңдария ауылы № 186 орта мектеп директорының міндетін атқарушы:

Бірақ енді әрі қарай пайдалануын, пайдаланылмайтыны, әрі қарай созатындығы - әлі белгісіз. Мен сұраныс жібердім. Былтыр облыс әкімі көріп кеткен кезде, келесі жылы сіздерге салынады деген.

240 орынға арналған болашақ жаңа мектептің орны да белгіленіп қойылған. Десе де, биыл құрылыс жұмыстары белгісіз себептермен басталмады. Енді ескі мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Білім ошағында биыл оқушы қабылдауға дайындық жүріп жатыр. Ал прокурорлар 134 оқушының қауіпті мектепте оқуы ешбір заңға сыймайды деп отыр.

Абай  Әлімбаев, Қармақшы ауданы прокурорының аға көмекшісі:

Сараптама қорытындысы бойынша бұзылуға жатады деп бекітіліп тұр қазір. Бұл мектепке байланысты прокурорлық ықпал ету актісі енгізілді, қазір қаралу үстінде. Ақжар ауылында № 28 мектептің спорттық залы апатты жағдайда деп танылған, соттың шешімімен жабылды. Және Иіркөл ауылындағы 106 мектепте 2014 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі күнге дейін аяқталмаған, спорт залы тапсырылмаған әлі.


Шарипа САҚТАПОВА