$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Демалыс күндері елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйістер орын алды

AstanaTV
10.08.2015ж. 20:00
1182
Демалыс күндері елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйістер орын алды

Демалыс күндері елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйістер орын алды. Сенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы Саяси бюросы кеңесінің отырысын өткізді. Осы жиында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Асқар Мырзахметовтің тағайындалғанын хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде партияның өңірлерді басқару тәжірибесі бар кадрларға мұқтаждығы арта түсетінін атап өтті. Сонымен қатар Бес институционалды реформаны белсенді жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясы маңызды рөлге ие екенін айтты. 53 жастағы Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығы және экономикалық мамандықтар бойынша білім алған. Әр жылдары Премьер-министрдің кеңесшісі, Ауыл шаруашылығы министрі қызметтерін атқарған. 2009 жылдың наурызынан бері Оңтүстік Қазақстан облысын басқарды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Алматы  қаласының жаңа әкімін тағайындады. Енді Алматыны Бауыржан Байбек басқаратын болды. Бұған дейін ол «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 41 жастағы саясаткер - Алматының тумасы. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Гете институтын, Любек қаласындағы Жоғары мектепті және Орталық Азия университетін  бітірген. Біраз жылдар еліміздің Германиядағы консулдығында, Президент Әкімшілігінде лауазымды қызметтер атқарды. Нұрсұлтан Назарбаев «Алматы ірі қала ғана емес, экономиканың локомотиві әрі ғылыми-ағартушылық орталық» деді. Оны басқару тәжірибелі және креативті кадрды қажет ететініне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бауыржан Байбек - осындай лауазымға тағайындалып отырған «Болашақ» бағдарламасының бірінші түлегі. Ол Сыртқы істер министрлігі жүйесінде, Президент Әкімшілігінде жұмыс істеді, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болды. Қасымда жұмыс істей жүріп, қызметін көрдік. Оның қала алдында тұрған міндеттерді елде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар аясында сіздермен бірлесіп шеше алатынына сенімдімін.

Ал шаһарды 6 жыл басқарған Ахметжан Есімов «Экспо» ұлттық компаниясының тізгінін ұстады. 65 жастағы Ахметжан Есімов Қазақ ауыл шаруашылық институтын тәмәмдаған. Әр жылдары Президент әкімшілігінің жетекшісі, Ауыл шаруашылығы министрі, Премьер- министрдің орынбасары сияқты лауызымды қызметтерді атқарды. «Құрмет белгісі», «Парасат», «Отан» ордендерімен марапатталған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«ЭКСПО-2017» - біздің болашағымыз. Көрме нысандарының құрылысы - бұл міндеттің тек бір қыры ғана. Оның басқа, әлдеқайда маңызды қыры - мазмұндық толығуы. «ЭКСПО-2017», Қазақстанның барлық салада балама энергетиканы дамыту арқылы жаңа технологиялық құрылысқа өтуі үшін, серпін беруі тиіс. Ұлттық компанияның басшылығына үкіметпен, барлық өңірлердің әкімдіктерімен бірлесе іс-қимыл жасайтын, инвестиция және технология тарту үшін, әлемнің ондаған елдерімен жұмыс істейтін тәжірибелі адам керек.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ