Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Мақта дақылының бүгіні мен келешегі Шымкентте өткен форумда талқыланды

AstanaTV
10.08.2015ж. 20:00
2891
Мақта дақылының бүгіні мен келешегі Шымкентте өткен форумда талқыланды

Мақтаның бүгінгі жайы мен келешегі қандай? Шымкентте өткен форумда ғалымдар мен диқандар мақта шаруашылығын дамыту жайын  сөз етті. «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы ұйымдастырған жиынға қатысқандар талай мәселенің түйінін тарқатуға әрекеттенді. Ал қозғалыс белсенділері, мақташы қауымның мазасын қашырған мәселерді билікке жеткіземіз, деп отыр.

Оңтүстікте  700 мыңға жуық тұрғын мақта өсірумен айналысады. Аймақта мақта кластерін дамыту мақсатында құрылған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында мақта талшығынан дайын өнім шығаратын және жіп иіретін өндіріс орындары бар.

Бір айта кетерлігі, өңірде сегіз жыл бұрын 5 мың тонна мақтаның таза талшығы терең өңделетін. Бүгінде бұл көрсеткіш 30 мың тоннаға жетті. Мақта ылғалды көп қажет етеді. Сондықтан тамшылатып суару тәсілі кеңінен қолданысқа еніп келеді, - деді жиынға қатысқандар. Ең бастысы - мақтаға деген оң көзқарас болуы қажет, - деп санайды қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басшысы.

Ибадулла Үмбетаев, қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

Соңғы екі жылдың ішінде біз жасыл мақта шығардық. Келешекте қызыл, одан кейін көк мақта шығару үшін, біз жұмыс істеп жатырмыз. Егер де осыны шығарсақ, дүниежүзінде келешекте жалпы матаны боямай, сол түрлі-түсті мақталармен жіптерінің өзін араластырып, бұйым жасауға дайындалып жатыр. Бұл органикалық, келешекте бұл бірден қымбаттап кетуі мүмкін. Өйткені органикалық дүниеге өту - біздің алдымыздағы, дүниежүзіндегі фирмалардың алдында тұрған ең негізгі мақсаттың бірі.

Қанат Әуесбай, «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының медиа директоры:

Мақта шаруашылығында бүгінгі таңда қоғамның талқысына салып, айтатын мәселелер көп. Бұл суармалы жерлерге қатысты, бұл зиянкестердің көптігіне қатысты, бұл жаңа технологиялардың бүгінгі таңдағы рөліне қатысты туындайтын мәселелер. Осы мәселені, біріншіден, талқылаймыз, қоғамның талқысына саламыз. Және ақпарат құралдары арқылы көпшілікке жария қылып, тиісті құзырлы мекемелердің, атқарушы биліктің және арысы үкіметтің қаперіне салатын боламыз.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ