Атыраулықтар
айрықша алаңдаулы. Өйткені Жайық өзені аяқ астынан жасыл түске боялды.
Бұрын-соңды болмаған мұндай тосын құбылыс табиғат қорғаушыларды аяғынан тік тұрғызды. Ерке Жайықтың қала аумағындағы бөлігі ғана емес,
шеткері аймақтарының суы да тап бір бояу төгілгендей күрең жасылға айналған.
Мұны алдымен тұрғындар байқапты. Бүгін таңертең шұғыл комиссия құрылып,
экологтар судан сынама алды. Тәжірибелі мамандардың өзі: «Мұндай
құбылыспен алғаш рет бетпе бет келіп отырмыз»,- дегенді айтады.
Бисен Қуанов,
су
ресурстарын пайдалануды реттеу жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы басшысы:
Кейде
осындай судың химиялық сапасы
өзгеретіндері болады. Бірақ биылғыдай, бүгінгідей, осы жағада көкбеңбек, жасыл-көк болып топыраққа да тиіп жатқанын бірінші рет көріп
отырмын. Себебін анықтауымыз керек болып тұр, біріншіден. Бұл денсаулыққа зияны
бар ма, жоқ па? Бұл мұнай ма, басқа пенол ма, бұл не зат екенін әуелі айыруымыз
керек.
Ал
осы тұста аймақтағы табиғат қорғау прокуратурасының өкіліне сілтеме жасай
отырып, Қазақпарат агенттігі Жайық өзеніне жасыл бояудың ағызылғаны туралы
ақпарат таратты.
Тағы бір болжам бойынша, өзен суының жасыл түске боялуына -
аймақтағы ауа температурасының қатты ысып кетуінен өзгеріске түскен органикалық
заттар себеп болуы мүмкін. Бірақ бұл әзірге болжам ғана. Табиғат қорғау
прокурорлары сараптаманың нәтижесін күтіп отыр. Егер ластаушы заттың қандай да
бір төгінді екендігі анықталса, кінәлілер жазаланады.
Жақсылық
Сикимов,
Атырау облыстық табиғат қорғау прокурорының
көмекшісі:
Алдын
ала мәлімет бойынша, бұл органикалық зат болуы мүмкін. Мұндай құбылыс Жайық
суының қатты ысуынан пайда болады. Аталған жағдайға байланысты экология
департаментімен бірлесіп сараптама тағайындалды. Жайықтың жоғары және төменгі
жағынан сынамалар алынды. Егер суды
ластаған нәрсенің төгінді екені анықталса, қылмыстық іс қозғалады.
Еске
салайық, кешегі «жаңалықтарымызда» Атырау қаласында сенбі күні құбырдан аққан судың сасық иісі мен дәмінен
қалалықтардың улана жаздағанын хабарлағанбыз. Санитар мамандар ауыз судың дәмі
мен иісі шектік нормадан асып кеткенін растаған еді. Бұл екі жағдайдың арасында
байланыс бар ма, жоқ па - оны сараптама қорытындысы анықтайтын болады.
Базаргүл
НӘДІРҚЫЗЫ