$519.58 €609.36 ₽6.63
×

Қазақстанда 39 «Алтын белгі» иегері мемлекеттік оқу гранттарынан қағылды

AstanaTV
12.08.2015ж. 20:00
1818
Қазақстанда 39 «Алтын белгі» иегері мемлекеттік оқу гранттарынан қағылды

Елімізде 39 «Алтын белгі» иегері мемлекеттік  оқу гранттарынан қағылды. Білім және ғылым министрлігінің өкілдері бұл жағдайды түлектердің жоғары сұранысқа ие мамандықтарды таңдауымен байланыстырып отыр.

«Мектеп бітірушілердің көпшілігі Алматы мен Астана қалаларындағы жоғарғы оқу орындарына түсуге ниет білдірді. Алайда ондағы ЖОО-на бөлінетін грант саны белгіленіп қойған. Артық орын бөлінбейді», - дейді ведомство өкілі. Жоғары және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Гүлзат Көбенованың айтуынша, оқу грантына қол жеткізе алмай қалған түлектердің мәселесі министрліктің назарында. 

Гүлзат Көбенова, ҚР БҒМ жоғары және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары:

Әрине, бұл иегерлердің тағдыры біздің назарымызда. Қазір жоғарғы оқу орындарының басшыларымен келіссөздер жүріп жатыр. Мен ойлаймын, бұрынғы жылдардың тәжірибесімен бұл мәселе шешіледі деп.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, «Алтын белгі» иегерлерінен басқа, халықаралық олимпиадалардың 8 жеңімпазы, республикалық және халықаралық ғылыми сайыстардың 92 жүлдегері және түрлі деңгейдегі спорттық және мәдени жарыстардың 293 жеңімпазы гранттан қағылған. «Қазіргі таңда мектеп бітірушілерге ректорлық және жұмыс берушілердің гранттарын тағайындау бойынша жұмыстар атқарылуда», - дейді министрлік өкілдері.

Гүлзат Көбенова, ҚР БҒМ жоғары және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары:

Бала таңдаған әрбір жоғарғы оқу орнының ректорларымен сөйлесеміз. Екіншіден, жоғарғы оқу орнының ректорының гранты емес, жұмыс берушілердің гранттары болуы мүмкін. Қазір үш жақты келісімшартқа қол қойылса, бір жағынан талапкер, екінші жағынан жоғарғы оқу орны, үшіншіден жұмыс беруші. Осы үш жақты келісімшартқа сәйкес, оқуға түсуге болады.

Жұрағат БАМАН