$519.51 €611.83 ₽6.6
×

БҚО-да мектепті биыл бітірген екі сыныптың 29 оқушысы түгелдей білім грантын иеленді

AstanaTV
13.08.2015ж. 20:00
2097
БҚО-да мектепті биыл бітірген екі сыныптың 29 оқушысы түгелдей білім грантын иеленді

Топ жарған түлектер. Батыс Қазақстан облысындағы «Үміт» лингвистикалық гимназиясын биыл бітірген екі сыныптың 29 оқушысы  түгелдей білім грантын иеленді. Олардың 17-сі «Алтын белгі» иегерлері. Ал бес шәкірт - айрықша атестат алған озаттар. Өз таңдауын сәтті жасап, енді білімін одан әрі шыңдау жолындағы дайындыққа кіріскен өрендермен тілшіміз Еркін Карин тілдескен еді.

Мектепке кіре берістегі мына қабырғада қазір бос орын жоқ. Мұнда білім ошағының мақтанышына айналған түлектердің суреттері ілінген. Биылғы бәйгеде тұтас сыныбымен алдан көрінген өрендер де осы құрмет қабырғасынан табылды. Ал ұстаздар мұндай қарқынмен алдағы жылдары бұл жерден үздіктерге орын қалмауы мүмкін, деп әзілдейді.

Дариға Мұштанова, «Үміт» лингвистикалық гимназиясының директоры:

29 баланың 17-сі «Алтын белгімен» бітірді. Бесеуі айрықша атестатпен бітірді. Барлығы 107-ден жоғары жинады, бір баламыз 125 балл жинап, республикадағы бірінші бестікке кірді. Әрине, бұл жетістікке жету оңай емес, бұл - жылдардың жемісі, әр баланы бөлек тұлға ретінде қарап, тіл табысып, баурап, соны жетелеп дамытудың арқасында жетіп отырған жетістік.

Еркін Карин, тілші:

Осыдан 14 жыл бұрын ашылған «Үміт» тілдер гимназиясын бүгінге дейін 300 оқушы тәмамдаған. Солардың 95-і – «Алтын белгі» иегері. Үлкен өмірге қадам басқандар арасында «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетел асып, білім қуғандар да бар.

Өміріндегі бірегей белесті бағындырған жастар енді Астана мен Алматыдағы белді оқу орындарында білім алады. Үлкен сапарға аттанбас бұрын, алтын ұясында бас қосқан арманшыл түлектер тестілеуге қалай дайындалғандарын еске алуда.

Мейірлан Қаменов, «Үміт» лингвистикалық гимназиясының түлегі:

Біздер дайындалған кезде, мысалы, бізге мүғалім үйретіп кеткен болса, соған сынып бойынша талқылаймыз. Бір-бірімізді алып шығу деген мақсат болды бізде. Қалайда, бір-бірімізді уайымдап, мұнда жүрген бес жыл - интернатта жатқасын, қасымызда жүрген аға-апаларымыз, іні-қарындастарымыз сияқты, гимназияның тәрбиесі солай бізде.

Жансая Жұмағалиева, «Үміт» лингвистикалық гимназиясының түлегі:

ЕНТ-дан 118 балл жинадым. Әрине, мұндай жоғары нәтижеге жеткенім, ең бірінші осы «Үміттегі» ұстаздарымның арқасында. Ең алдымен сенім деген күштің қандай болатынын білдік. Осы класс оқушыларымен біз өмірде де бір отбасының балаларындай татумыз.

Білім және ғылым министрлігі түзген рейтинг бойынша «Үміт» гимназиясының түлектері алдыңғы қатарда тұр. Осыған қанаттанған ұстаздар шәкірттеріне арнап, өмір туралы тәрбие сағаттарын өткізуге кірісті. 

Еркін КАРИН