$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Қытайдың Тяньцзин қаласындағы жарылыстан қаза тапқандар саны 42 адамға жетті

AstanaTV
13.08.2015ж. 20:00
1283
Қытайдың Тяньцзин қаласындағы жарылыстан қаза тапқандар саны 42 адамға жетті

Қытайдың Тяньцзин қаласында болған жойқын жарылыстан қаза тапқандар саны 42 адамға жетті. Тағы 400-дей тұрғын жарақат алған,- деп жазады Рейтерс.

Жарылыс орын алған аумақта алапат өрт болды, 20-ға жуық өрт сөндіруші із-түзсіз жоғалған. Билік өкілдерінің айтуынша, үйінділер астында әлі де қалып қойғандар болуы ықтимал. Сондықтан құрбан болғандар мен қаза тапқандар саны арта түсуі мүмкін екені болжануда.

Жарылыстың күштілігі сонша, көптеген үйлердің шатыры зақымданып, әйнектері сынған. Ал қою қара түтін бірнеше ондаған шақырым аумақтан көрініп тұр. Сарапшылар, жарылыс қуаттылығы 20 тонна тротил эквивалентіне тең, дегенді айтуда. Қазір аумақтағы тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшіріліп жатыр. Жарылыстың неден шыққаны әзірге түсініксіз. Тек осы маңдағы қоймалардың бірінде тез жанатын заттардың сақталғаны белгілі болып отыр.  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жарылыс оқиғасына байланысты Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Жеделхатта  көптеген адамның қаза тапқаны және зардап шеккені туралы хабарды Мемлекет басшысының зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған. Нұрсұлтан Назарбаев орны толмас қайғыға ортақтаса отырып, жеке өзінің және барша Қазақстан халқының атынан Қытай басшысына, сондай-ақ қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айтты.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА