Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Шымкенттегі Ынтымақ-2 шағын ауданының тұрғындары өздеріне тиесілі жердің заңды иесі екенін дәлелдей алмай жүр

AstanaTV
18.08.2015ж. 20:00
2550
Шымкенттегі Ынтымақ-2 шағын ауданының тұрғындары өздеріне тиесілі жердің заңды иесі екенін дәлелдей алмай жүр

Шымкенттегі Ынтымақ-2 шағын ауданының тұрғындары өздеріне тиесілі жердің заңды иесі екенін дәлелдей алмай жүр. Арнамызға арыздана келген жандардың сөзіне сүйенсек, бір жерге екі қожайын таласуда. Жер менікі деген жаңа қожайын осындағы жүз соттық жерді аукцион арқылы сатып алғанын мәлімдеп отыр. Мәселенің мән-жайын тілшіміз анықтауға тырысты. 

"Құжаттардан қайыр шамалы". Ынтымақ-2 шағын ауданынан 2007 жылы жер алған жиырмаға тарта отбасы осылай деп түңіліп отыр. Айтуларынша, иеліктеріндегі үй іргелік жерге, арада сегіз жыл өткенде, өзге қожайын пайда болған. Мұны олар сотқа шақырту алғанда бір-ақ біліпті.

Мәжит Рашидов:

Дауласып отырған адамдар: «Біз аукционнан сатып алғанбыз алдыңғы қатардағы жерді. Мынау артқы жер біздердікі. Осы жерлерді біз алуымыз керек», - деп соны сотта талап етіп отыр. Есіткен емеспіз аукцион дегенді.

Бұл жағдай көпбалалы Ұлжалғас Ақылбекованы да тығырыққа тіреген. Шырылдаған ана әупірімдеп жүріп тұрғызған баспанамнан айрылып қаламын ба, деп уайымдайды. Абай аудандық сотының шілде айында шығарған шешіміне сәйкес, ол өз баспанасын бұзып әкетуі тиіс екен.

Ұлжалғас Ақылбекова:

Бұл жерді мен алар алдында тексердім. Земельныйға да бардым, ЦОН-ға да барып, жер таза, ешқандай басқа адамның атында госакт жоқ, заңды делінген. Содан кейін осы жерді сатып алып, мен там салдым. Ал енді келіп мына жерде «менің жерім» деп, Жұмашбеков деген сотқа беріп, Оразымбетов деген адвокаты бар, олар қай жерден құжат жинағанын білмеймін

Марат Нартбаев:

Сот біздің қатысуымызсыз шешіп отыр. Оны жиырма күннен кейін білдік. Қолымызға решениені алдық 20 күннен кейін, барсақ, өз есебінен бұзылсын, үйді босатсын, деп жазылған. Біз енді не істейміз? Қайда барамыз?!

Тұрғындар сот тағы төрт баспананы бұзып, екі учаскенің мемлекеттік актісінің күшін жоюға шешім шығарды, деп отыр. Ал жерге жауапты мамандар тұрғындардың құжаттары заңды, дейді. Яғни ол жерлер бәс саудаға салынбаған.

Нариман Қасымбеков, Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімі заң секторының меңгерушісі:

Жер құжаттарын көтеріп танысу барысында ол жерде заңбұзушылық орын алған жоқ. Бүгінгі таңда жер қойнауын өңдеу өндірісінің берген электрондық сызбасы нұсқаларына сәйкес, бір бірімен жер учаскелерінің қабаттасу фактісі орын алған жоқ. Сол себептен қала әкімнің қабылдаған жер учаскелерін беру туралы қаулысы әлі заңды күшінде.Оны ешкім сотпен бұзған жоқ.

Талапкерлердің заңды өкілі, шикілік сегіз жыл бұрын кеткен болуы мүмкін, деп отыр. Алдын аукционмен сатылған жер үш айдан соң халыққа таратылған,дегенді айтады. Дегенмен талапкерлер мәмілеге келуге де әзір сыңайлы.

Данияр Оразымбетов, адвокат:

Егер де әкім 2013 жылғы шешімін бұзатын болса, онда екі тарап келісіп, үй де орнында қалуы мүмкін. Біз де өзіміз жерімізде қалуымыз мүмкін. Себебі біздің мына жақта жолдың бойында тұрған жерімізден 14 метр қысқарайын деп тұр.

Бір қызығы, «тұрғындардың үйлері бұзылсын» деп шешім шығарған сот «бәс саудамен берілген жерлер заңды» деп те шешпеген көрінеді. Осыны негізге алған тұрғындар қайта арызданбақ. Қазір «сот шешімімен келіспейміз» деген олар апелляциялық шағым түсірді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ