Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасын жағымсыз
иіс жайлаған. Мұның себебін табиғат қорғау прокурорлары мен экологтар зерттеуге
кірісті. Зырян су арнасындағы лас қалдықтар Бұқтырма су қоймасына ағып,
демалушылардың жаппай улануына себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Осыны
анықтау үшін, судан сынама алынып, арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.
Бұқтырмаға демаламын деп келген Анна Шербатых
емханадан бір-ақ шыққан. Суға шомылған соң, өзін жайсыз сезінген ол медициналық
көмекке жүгінді. Аннаның басындағы ахуал өзге де жүздеген демалушыларды
мазалаған.
Анна Шербатых, Өскемен қаласының тұрғыны:
Жыл бойы күткен
демалысым еді. Ішім ауырып, дене қызуым көтеріліп, мазам кетті. Айналамдағы
кішкене балалар да суға түскен. Нәтижесінде ауырып тынды. Бір ұл баланың қызуы
39 градусқа көтеріліп, ауруханаға әкетті.
Әлеуметтік
желілер судағы жағымсыз иіс пен адамдардың улануы жайындағы хабарламаларға
толып кетті. Басталмай жатып аяқталған демалыстың себебін анықтауға табиғат
қорғау прокурорлары мен экологтар кіріскен.
Владимир
Лопаткин, ШҚО экологиялық қауіпсіздік орталығының экологы:
Кінә Зырян
су арнасынан болуы мүмкін деген болжам бар. Оларда электр энергиясы өшіп
қалған. Белгілі бір мерзім аралығында су қоймасына лас қалдық су тікелей
ағызылуы мүмкін.
Алмас Мұқажанов,
ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының көмекшісі:
Қазір
прокуратура органдары аталған жәйтке байланысты экология департаментімен
бірлесіп, Зырян су арнасы қызметіне тексеріс жүргізіп жатыр. Сынама алынды,
нәтижесі хабарланатын болады.
Экологтар
арнасынан асқан Бұқтырма қоймасы жағалауда орналасқан демалыс үйлерінің
әжетханаларын да шайып кеткенін айтады. Салдарынан ондағы лас қалдықтар да суға
құйылған сыңайлы. Алайда, індет таралу оқиғасы тіркелмеді. Туристік
операторлардың мәлімдеуінше, мұндағы жағымсыз иіс демалуға келген қонақтардың зәресін
алған. Бұқтырма демалыс аймағына сұраныс тамыз айында едәуір азайып кеткен
көрінеді.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ