$538.57 €629.48 ₽6.71
×

Қазақстанда жемқорлық болмаса, бір жылда 628 мектеп пен 1256 балабақша салуға болар еді

AstanaTV
10.06.2016ж. 20:00
Қазақстанда жемқорлық болмаса, бір жылда 628 мектеп пен 1256 балабақша салуға болар еді

Қазақстанда жемқорлық болмаса, бір жылда 628 мектеп пен 1256 балабақша салуға болар еді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлімдеді. Астанада «Атамекен» палатасы жанындағы көлеңкелі экономика мен жемқорлыққа қарсы кеңесінің отырысы өтті.  Кеңестің сараптау тобы квазимемлекеттік сектордағы кәсіпорындар мен тауар, жұмыс, қызмет көрсету жүйелеріне мониторинг жүргізген. Анықталған заңбұзушылықтар шаш етектен. Шпекбаевтың айтуынша, әлемдік экономикадан жыл сайын пара ретінде 1,5-2 трлн доллар жемқорлардың қалтасына кетеді. Бұл ЖІӨ-нің 2 пайызы.

Алик Шпекбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы төрағасының орынбасары:

Қазақстанға қарасақ, жалпы ішкі өнімнің 2 пайызы, шамамен 1 трлн 250 млрд теңге. Біз тек бір жылда осы ақшаға 628 мектеп пен 1256  балабақша салар едік. 1 жылда барлық әлеуметтік нысандардың қажеттілігін жабуға болар еді.

Ұлттық компаниялардың еншілес мекемелерінде сатып алуларға бақылау мүлдем жүргізілмейтіні анықталды. Кеңес мүшесі Айгүл Соловьева квазимемлекеттік сектордың сатып алуларында 2015 жылы 16 заңбұзушылық тіркелгенін айты. Ал биылғы жылдың 1 тоқсанында 8 қылмыстық заңбұзушылық анықталған. Кәсіпкерлердің 30 пайызы келісімшарттар немесе мердігерлікті жеңіп алу үшін пара бергендерін, 40 пайызы тендерде ұту үшін компанияларда байланыс қажеттігін мойындаған. «Атамекен» ұлттық палатасының басқарма төрағасы, «Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниялары қордың сатып алулар бойынша талаптарын орындамайды, деді.  

Айгүл ӘДЕПБАЙ