1 мың тонна табиғи уран мен 40 тонна төмен байытылған уран Үлбі
металлургиялық зауытының қоймасында сақтаулы. Оның біразы Ресей мен Қытайдікі.
Бүгін аталған зауыттың өкілдері қойманы Қазақстанға келген шетелдік журналистерге
көрсетті. Олардың арасында «Астана» арнасының түсіру тобы да болды.
Журналистер
назарына арнайы контейнерлер ұсынылды. Олармен 2017 жылдан бастап әлемдік
державалар Қазақстанға төмен байытылған уран тасымалдайтын болады. Үлбі
металлургиялық зауытының қоймасы 1984 жылы салынған. Енді алдағы екі жылда бұл
қойма жанынан 90 тонна төмен байытылған уран сақтайтын тағы бір қойма салу
жоспарлануда. Мамандардың айтуынша, контейнер уран тасымалдауда қауіптілікті
барынша сақтауға лайықталған.
Александр Хаданов, ҮМЗ өткізу жөніндегі директоры:
Гексафторидті уран тасымалында бұл ыдыстың қауіпсіздігі аса жоғары деңгейді
қамтиды. Мұнда арнайы металл қолданылған. Пойыз апаты, тасымал кезінде көліктің
суға құлауы - қысқасы, қандай бір апат болмасын, мұндағы радиоактивті зат сыртқа
төгілмейді.
Александр Хаданов, төмен байытылған уран банкі мен ядролық отын қалдықтарын
бір бірімен шатастырмау қажеттігін, айта кетті. Ол гексафторидті уранның
коммерциялық уранға жататынын нақтылады.
Айта кетейік, Үлбі металлургиялық
зауыты салынғалы бергі 30 жыл ішінде төмен байытылған уранды сақтау немесе
өңдеуге қатысты бір де бір төтенше жағдай орын алмаған. Зауыт - Ресей, Қытай
Жапония мен өзге де елдердегі АЭС-на шикізат жеткізуші санаулы кәсіпорындардың
бірі.
Александр Хаданов, ҮМЗ өткізу жөніндегі директоры:
Ядролық отын мен ядролық қалдық - екі бөлек нәрсе. Мен соңғысы Қазақстанға
ешқашан тасымалданбайды деп сенемін. Жалпы ядролық қалдықты тасымалдауға заңмен
тиым салынған. Бізге төмен байытылған уранды жеткізеді. Бұл - әлемдік нарықта
саудаланатын коммерциялық өнім.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА