$540.84 €634.46 ₽6.43
×

Атырауда жаңбыр суынан зардап шеккен үй иелерінің кейбірі әлі көмек ала алмай жүр

AstanaTV
01.09.2015ж. 20:00
Атырауда жаңбыр суынан зардап шеккен үй иелерінің кейбірі әлі көмек ала алмай жүр

Атырауда жаңбыр суынан зардап шеккен үй иелерінің кейбірі әлі көмек ала алмай жүр. Жергілікті билік ала жаздай уәде тойдырып, әлі бір тиын да берген жоқ, - дейді олар. Еске салайық, мамыр айында Атырауда тәулік бойы толассыз жаңбыр жауып, салдарынан 250-ден астам үй суға кеткен болатын.

Тыл ардагері Сәуия Өтешқалиева қираған үйінің орнын айналсоқтап жүр. Саманнан салынған ескі үйінің бір бұрышы құлаған соң, түгелімен бұзып тастаған. Үйді көрген комиссия мүшелері өздері хабарласамыз деп, уәде беріп, сол күйі үнсіз кетіпті. Атқамінерлерден жаз бойы үміт күткен қария, қыстың күні қырауда қайда барамыз деп, уайымдап отыр. 

Сәуия Өтешқалиева, Атырау қаласының тұрғыны:

Я ақша берейік пе, не тас берейік пе, материал аласыңдар ма деп, ешкім ештеңе айтқан жоқ бізге. Бірқатар кісілерге айтыпты, айта ма деп, үміт етіп отырмыз. Қазір шәй ішетін сарай бар құттай. Ішінде жылуы жоқ, тек жазда шәй ішетін жер, сонда тұрып жатырмыз.

Ал Сұлташевтардың үйі опырылып, тіреумен зорға тұр. Үй іші дымқыл тартып, сыз иісі қолқаны қабады. Қалалық әкімдік, құрылыс материалымен көмектесуге уәде еткен. Арада 4 айдай уақыт өткенімен, уәделі көмекті әлі алмапты. Жалпы комиссия шешімі бойынша нөсерден зардап шеккен 209 үйге жөндеу қажет. Солардың тек 92-сіне ғана өтемақы берілген. Қалғандарының қаржылай көмекпен қашан қамтылатынын білу мүмкін болмады. Қалалық әкімдік өкілдері ақпарат беруден бас тартты. Ал көмек жетпеген тұрғындар, басқа баратын жеріміз жоқ деп, қауіпті баспанадан қозғалмай отыр.

Айымгүл Сұлташева, Атырау қаласының тұрғыны:

Маған құрылыс материалы керек, дедім. Үйді жаңартып алайын, қалай отырамын, деп. Хабарласамыз, - деді. Кімге барамын, қайдан аламын? - дегенде, өзіміз барамыз, хабарласамыз, деді. Содан жоқ, отырмыз. Көршілеріміз үй салып жатыр. Тас түсірген сайын іргенің бәрі түседі. Отырмыз енді жаман үйдің ішінде.