$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Өскеменде бал мұражайы ашылды

AstanaTV
02.09.2015ж. 10:00
1686
Өскеменде бал мұражайы ашылды

Өскеменде ара шаруашылығы бойынша алғашқы мұражай ашылды. Мұражай қызметкерлері екі жүзден астам жәдігерді он жылдан бері облыс көлемінен талмай жинаған. Өйткені Шығыс Қазақстан Орталық Азия, тіпті Сібір мен алыс шығыс өңірі бойынша ара шаруашылығының отаны саналады.

19-20 ғасырларда жасалған құнды жәдігерлерді омарташылардың отбасылары көзінің қарашығындай сақтап келген. Мәселен, ол кезде араларды мынадай ұяшықтарда ұстаған. Ал аюларға арнайы қақпандар құрған. Өйткені шығыстың қақаған қысында ара шаруашылығымен айналысқан шаруалардың бірінші жауы осы аюлар болған. Омарташылар біліктіліктерін шыңдай келе, араларды жинайтын ұяшықтарды да, бал сақтайтын бөшкелерін де  жетілдіріп келеді.

Наталья Чистнейшина, мұражайдың ғылыми қызметкері:

Бетке жабатын перделер 19-20 ғасырларға тиесілі. Қазіргідей ақ әрі әдемі емес, ол ат жалының қылынан тоқылған. Оны әйелдер өріп дайындап отырған. Бірақ, қанша ғасыр өтсе де, олар мықты сақталған.

Мұражайдың ашылуы бал жәрмеңкесімен тұспа-тұс келді. Оған Қазақстан мен Ресейдің омарташылары тай-тұяғы қалмай жиналды. Барлығы алпыс тоннадан астам бал саудаға түсті.

Ал отандық шаруалар омарташылардың дүниежүзілік Апимония ұйымына мүшелікке алынды. Яғни қазақ балы үшін шетел нарығына жол ашылды. Сонымен қатар жергілікті шаруалар омарташылықтың қыр-сырына қанық қылатын әлемдік ара шаруашылығына арналған институттарда біліктіліктерін арттыра алатын болды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ