$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Сау малды ауру қылғандар жауапқа тартылмақ

AstanaTV
02.09.2015ж. 20:00
1792
Сау малды ауру қылғандар жауапқа тартылмақ

Ақмола мен Қостанай облыстарының ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеттері тиісті заңнаманы өрескел бұзып келген. Олар сау малды бруцеллез деп көрсетіп, союға жіберіп отырған.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің төрағалығымен өткен селекторлық жиын барысында белгілі болды. Басқосу елдегі ветеринария және эпизотикалық ахуалға арналған болатын. Ақмола облысының ветеринарлары жеке қожалықтардағы 333 бас малды ауру деп көрсетіп, ет комбинатына апарып союды талап еткен. Ал қайта тексеру жүргізген Ауыл шаруашылығы министрлігі тек 124 малдың ауру екенін анықтады.

Қостанай облысында да осыған ұқсас жағдай. Облыстық аумақтық инспекция өкілі бір шаруашылықтың 12 қара малын ауру деп союға жіберген. Бұл жерде де зертханалық тексеруді қайта қолға алған министрлік малдың сау екенін дәлелдеді. Ең сорақысы, ветеринарлық бақылау комитеті басшылары кәсіпкерлердің өз қаржысына малды қайта тексертуіне рұқсат бермеген. Сөйтіп, жаңадан қабылданған заң нормаларын да өрескел бұзған. Ал қаһарына мінген министр Асылжан Мамытбеков аймақтардан келген шенеуніктерді бір бірлеп тұрғызды.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Біз бұл жағдайды қатаң қолға аламыз. Фактілерді ашып отырмыз. Жасырсақ, мәселе шешілмейді. Аурын жасырған өледі деген. Біздің салаға ауру келді. Әсіресе жергілікті атқару органдарын шарпып отыр. Көп жағдайда ауру деп союға жіберілген малдардың қоңды екені де белгілі болды, яғни әдейі таңдалғандай. Сондықтан нақты фамилияларды атап, оларға қолданатын шараларды қолға аламыз. 

Министр бұл мәселеде жемқорлық сипаттың да болу мүмкіндігін жоққа шығармады. Сондықтан аталған фактілер бойынша ведомствода қызметтік тексеру жүргізілмек.