×

Қытай тарихындағы ең үлкен шеру басталды

AstanaTV
03.09.2015ж. 10:00
1313
Қытай тарихындағы ең үлкен шеру басталды

Осы сағаттарда Қытай тарихындағы ең үлкен шеру басталды. Айтып өтілгендей, салтанатты шара Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғысындағы Жеңіске және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 70 жыл толуына арналған. Парадтың басталуына 40 минут қалғанда Аспан асты елінің Төрағасы Си Цзиньпин зайыбы Пэн Лиюаньмен бірге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Тяньаньмэньнің бас трибунасының алдында қарсы алды. Мемлекет басшысының қызыл кілемдегі амандасу және суретке түсу сәті Тяньаньмэнь алаңының барлық экрандарынан көрсетілді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, салтанатты шараға бірқатар елдердің басшылары арнайы шақыртылған болатын. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпарға сай, Ресей, Моңғолия, Мысыр, Чехия, Оңтүстік Корея, Пәкістан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және өзге де мемлекет басшылары салтанатты шеруге келген.

Парадтық саппен Қытай қарулы күштерінің 50-ге жуық эшелоны өтеді деп жоспарланған. Әуеге 20 түрлі 200-дей ұшақ көтеріледі. Айта өтейік, шеруге жұмылдырылған техниканың 84 пайызы алғаш рет көрсетілмек. Шараға сондай-ақ, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Куба, Мысыр, Мексика, Сербия және тағы бірқатар елдер атынан 17 шетелдік жаяу әскери есеп қатысуда. «Олардың қатысуы - фашизмге қарсы дүниежүзілік соғыстағы жеңіске қатынастың нақты айғағы», - деді бұған дейін парадқа дайындық бойынша басқару тобы бастығының орынбасары Цюй Жуй.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА